Home Техника Автокөліктер Алматыда заңсыз көлік тұрағын белгілейтін интерактивті карта іске қосылды

Алматыда заңсыз көлік тұрағын белгілейтін интерактивті карта іске қосылды

43

Алматылықтар енді қаладағы заңсыз автотұрақтарды белгілей алады. Duraq атты онлайн-платформа тұрғындарға жол қозғалысы ережелерін бұзған жүргізушілерді тіркеп, қала ортасын жақсартуға үлес қосуға мүмкіндік береді.

Бұл бастама қала тұрғындарының көлік тұрақтарының дұрыс пайдаланылуына назарын аудартып, көлік жүргізушілерін ережелерді сақтауға ынталандыруды көздейді. Интерактивті картада келесі заңсыз тұрақтардың деректері мен фотосуреттері жарияланады:

-Жаяу жүргіншілер жолында тұрған көліктер;

-Веложолақтарды жауып, велосипедшілерге кедергі келтірген жағдайлар;

-Қоғамдық көлік аялдамаларында тұрған көліктер;

-Мүгедектігі бар азаматтарға арналған орындарға қойылған көліктер;

-Жолда екі қатарға қойылып, қозғалысқа кедергі жасаған автокөліктер.

Платформа қалай жұмыс істейді?

Картаны қала тұрғындары өздері толықтырып отырады. Арнайы Telegram-бот арқылы кез келген адам:

-заң бұзушылықтың фотосын жүктей алады (мысалы, рұқсат етілмеген жерде тұрған көлік);

-оқиғаның орналасқан жері мен қысқаша сипаттамасын көрсете алады;

-деректерді модерацияға жібере алады;

Модерациядан өткен ақпарат картаға енгізіліп, барлық қолданушыға қолжетімді болады.

Неліктен бұл маңызды?

Алматыдағы ретсіз қойылған көліктер – әлі күнге дейін шешімін таппаған маңызды мәселе. Веложолақта немесе екі қатарға қойылған автокөліктер жаяу жүргіншілердің қозғалысына кедергі жасап, жол қозғалысын қиындатып, кептелістің күшеюіне себеп болады.

Duraq платформасы бұл мәселені шешуге бағытталған қадамдардың бірі. Ол тек жүргізушілерді жауапкершілікке шақырумен шектелмей, қала билігі мен полиция үшін де пайдалы ақпарат көзіне айналуы мүмкін.