Қазақстан IT саласын дамытуды қарқынды жалғастырып, жасанды интеллект пен автоматтандыру бағытында тың шешімдер ұсынып келеді. Бүгінде отандық стартаптар әлемдік деңгейдегі трендтерді қалыптастырып, шетелдік инвесторлар мен технологиялық қауымдастықтың назарын аударуда. Digital Almaty 2025 форумында 80-ге жуық инновациялық компания өз жобаларын таныстырды.
– Қазақстанның IT саласы қарқынды дамып келеді. Біздің стартаптар қазірдің өзінде халықаралық нарықта бәсекеге түсуге дайын. Digital Almaty аясында ұсынылған жобалардың кейбірі әлемдік деңгейдегі технологиялық шешімдермен тең дәрежеде. Болашақта қазақстандық IT мамандары да Илон Маск, Стив Джобс немесе Билл Гейтс сияқты технологиялық жаңашылдарға айналуы мүмкін, – дейді форумның PR-директоры Ләззат Сағындықова.
Call2Action.ai: кадр таңдаудағы жаңа технология
Қызметкерлерді іріктеу үдерісін жеңілдетуге бағытталған стартаптардың бірі – Call2Action.ai. Жобаның негізін қалаушы Ерсұлтан Жүсәкіновтің айтуынша, платформа жасанды интеллектінің көмегімен рекрутингті автоматтандырады. Жүйе кадр іріктеудің бастапқы екі кезеңін автоматты түрде жүргізеді: AI кандидаттарға қоңырау шалып, олармен әңгімелеседі, жауаптарын талдап, 10 балдық шкала бойынша бағалайды. Нәтижесінде, жұмыс беруші алдын ала сұрыпталған үміткерлер тізімін алып, уақыт пен қаржысын үнемдейді.
KOZ: бизнеске арналған цифрлық көмекші
Тағы бір озық жоба – KOZ. Жоба жетекшісі Ермұхамед Қуатовтың айтуынша, олар жасанды интеллектіге негізделген агенттер әзірлеуде. Бұл AI агенттер компаниялардың HR бөлімдерінің жұмысын атқара алады: кандидаттарды іріктеп, сұхбат жүргізіп, тестілеуден өткізеді. Сонымен қатар, KOZ технологиясы сату және маркетинг салаларында да қолданылады. Смарт-боттар клиенттерді тауып, олармен байланысып, өнімді өздігінен ұсына алады.
Нархоз университетінің Жасанды интеллект және цифрлық трансформация институты
Digital Almaty 2025 барысында Нархоз университетінің Жасанды интеллект және цифрлық трансформация институты таныстырылды. Бұл ғылыми орталық IT мамандарын даярлап қана қоймай, қазақстандық технологиялық экожүйені дамытуға үлес қосуды мақсат етеді. Институт жергілікті және халықаралық сарапшылармен бірлесіп, жасанды интеллектке негізделген шешімдерді зерттеумен айналысады.