Home Технологиялар Ғаламтор және желі Дональд Трамп ЖИ саласындағы Stargate жобасына 500 миллиард доллар бөледі

Дональд Трамп ЖИ саласындағы Stargate жобасына 500 миллиард доллар бөледі

23

Кеше Дональд Трамп АҚШ-тың ең жаңа инфрақұрылымдық жобаларының бірі — Stargate жобасына 500 миллиард доллар көлемінде инвестиция салынатынын мәлімдеді. Бұл жобада OpenAI, Softbank және Oracle компаниялары да қатысатын болады.

Трамп Stargate жобасын «технология тарихындағы ең ауқымды ЖИ инфрақұрылымдық жобасы» деп атап, жаңа технологиялар саласындағы АҚШ-тың бәсекелестігіне ерекше көңіл бөлді. «Бұл технологияның болашағын қамтамасыз етеді. Біз жасап жатқан жобалар осы елде қалады. Қытай – басты бәсекелес болса, басқа елдер де бәсекелес», — деді Трамп.

Жаңа деректерді өңдеу орталықтарын салу және онда көптеген жұмыс орындарын ашу жұмыстары басталып кеткенін хабарлады. Oracle компаниясының басқарма төрағасы Ларри Эллисон жаңа деректер өңдеу орталықтарын Техаста салу жоспарланғанын айтты.

Softbank компаниясының бас директоры Масаеши Сон бұл жоба тек бизнес үшін емес, адамдардың өмірін жақсарту үшін де маңызды екенін, көптеген мәселелерді ЖИ арқылы шешу мүмкіндігін ашатынын атап өтті.

OpenAI басшысы Сэм Альтман «Бұл жобаны АҚШ-та жүзеге асыру – маңызды жетістік», – деп пікір білдірді. Stargate жобасы АҚШ-тың экономикасында 100 000 жаңа жұмыс орнын ашуды көздеп отыр.

Сонымен қатар, Дональд Трамп оған дейінгі президент Джо Байденнің ЖИ қауіпсіздігі туралы жарлығын жою туралы шешім қабылдады. Байденнің жарлығы АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігіне, экономикасына және қоғамдық денсаулығына қауіп төндіретін ЖИ жүйелері туралы сынақ нәтижелерін үкіметпен бөлісуді талап ететін еді. Бұл жарлық сондай-ақ қауіпсіздік сынақтарының стандарттарын орнатуды және химиялық, биологиялық, радиологиялық, ядролық қауіптер мен киберқауіпсіздік мәселелерін шешуді міндеттеген. 2024 жылы республикалық партия бұл жарлықты жоюға уәде берді, себебі ол ЖИ саласындағы инновациялар мен дамуға кедергі келтіреді деп санайды.