Қазіргі заманғы роботтар тек дағдыға айналған тапсырмаларды орындайтын машиналардан әлдеқайда артық болып шықты. Олар өндіріс орындарында қауіпсіздікті бақылап, зауыттардағы өнімнің сапасын тексеріп қана қоймай, тіпті ауруханаларда науқастарға күтім жасауға да бейімделіп жатыр. Жасанды интеллектінің (ЖИ) қарқынды дамуы робототехниканы жаңа деңгейге көтермек. Алдағы уақытта адамға ұқсайтын машиналар күрделі міндеттерді орындап, адамдарды біркелкі, қажытатын жұмыстарынан босатады. Дегенмен, бұл жетістіктер қоғам алдында этика мен ЖИ-дің өміріміздегі орнына қатысты сұрақтарды туындатуда.
Лас-Вегаста өткен Consumer Electronics Show (CES 2025) тұтынушыларға арналған техника көрмесінде Америкалық зейнеткерлер қауымдастығы (AARP) арнайы «дөңгелек үстел» ұйымдастырды. Сарапшылар алдағы бес жылда роботтардың өндіріс саласынан қызмет көрсету саласына көшетінін болжады.
Роботтар туралы болашаққа арналған болжамдар көбінесе күңгірт түрде айтылып келді, алайда соңғы уақытта генеративті ЖИ жетістіктері осы болжамдардың маңыздылығын арттырды. Abundance 360 білім беру жобасының сарапшылары, кәсіпкер Питер Диамандистің жетекшілігімен, роботтардың алдағы жылдары атқаратын рөлін бағаламаудың үлкен қателік екенін атап өтті.
Мысалы, CES 2025 көрмесінде таныстырылған Star Robotics күзетшісі автоматтандырудың қауіпсіздік саласын қалай өзгертетінін айқын көрсетті. Сарапшылар теңдессіз молшылық дәуірінің басталатындығын болжайды, мұнда роботтар өндіріс процесінің көп бөлігін өз мойнына алып, шығындарды айтарлықтай азайтады. Ал адамдар шығармашылыққа және өзін-өзі дамытуға көбірек уақыт бөле алады.
CES 2025 көрмесінде көптеген компаниялар роботтарды адам үшін тым қауіпті әрі бірсарынды жұмыстарды атқаруға арналған шешімдер ретінде ұсынды. Мысалы, Гонконгтік R2C2 компаниясы электр станциялары мен пойыздарға техникалық қызмет көрсету саласында жұмыс істей алатын өнеркәсіптік роботтарды таныстырды. R2C2 негізін қалаушы әрі бас директор Сан Вонгтың айтуынша, пойыздарға қызмет көрсету жұмыстары кір, ыстық ауа райы және көп майлау сияқты жағдайлармен байланысты, бұл жұмысшылардың тұрақтамауына әкеліп соғады.
Америкалық арнайы техника өндірушісі Oshkosh кәсіби күйзеліс қаупі жоғары мамандықтарды роботтандыруды қолға алды. Мысалы, өрт сөндіру машиналарын өңдеу барысында жұмысшылар респиратор киюге мәжбүр болып, бұл жиі иық пен шынтақ жарақаттарына әкеп соғады. Oshkosh компаниясының бас директоры Джон Пфайфердің айтуынша, жаңа технологияларға байланысты босатылған қызметкерлер басқа салаларға, мысалы, дәнекерлеу жұмыстарына ауыстырылды. Пфайфер мұндай өзгерістерді экономиканың дамуының заңды үрдісі деп түсіндіреді: «Экономика 250 жыл бойы осылай дамып келеді. Адамдар жаңа әрі тиімді салаларда жұмыс тауып, экономикалық өсімге үлес қосады», — дейді ол.
Сонымен қатар, AARP өкілі Крис Гарднер АҚШ-тағы егде жастағы адамдардың артуына байланысты оларға күтім көрсететін мамандардың тапшылығына ерекше назар аударды. «Қарттар күтімі қызметтеріне сұраныс орасан зор екенін ескерсек, оны тек адам ресурстарымен қамтамасыз ету мүмкін емес», — дейді Гарднер. Ол робототехниканың дамуы қарттардың тәуелсіз өмір сүруін ұзартуға мүмкіндік беретініне сенімді.
Робототехника мен жасанды интеллектінің даму жолы — адамзат үшін үлкен мүмкіндіктер мен маңызды сынақтарға толы үрдіс. Егер бұл технологияларды дұрыс әрі ойластырылған түрде енгізсе, олар қоғамның барлық мүшелерінің мүдделерін ескере отырып, өмір сапасын жақсартуға және дамудың жаңа деңгейіне көтерілуге мүмкіндік береді.