Отбасының цифрлық картасы (ОЦК) мемлекеттік органдардың барлық ақпараттық жүйелеріндегі мәліметтер негізінде құрылады. Қазіргі таңда картада 20 миллионнан астам қазақстандықтың, яғни 6 миллионнан астам отбасының дерегі жинақталған.
2024 жылы ОЦК арқылы 642 мыңнан астам азамат проактивті түрде мемлекеттік қызметтер алу үшін SMS хабарлама алды. Оның ішінде 263 мың адам жәрдемақы немесе төлемдерді ешқандай өтінішсіз ресімдеу мүмкіндігін пайдаланды.
Бұл жүйенің басты мақсаты – қазақстандықтардың барлығына мемлекеттік қолдау шараларына тең қолжетімділік ұсыну. Әлеуметтік кодексте ОЦК азаматтардың қажеттіліктерін анықтайтын және әлеуметтік саясатты тиімді жоспарлауға мүмкіндік беретін маңызды құрал ретінде көрсетілген. Сонымен қатар, карта азаматтарды олардың әлеуметтік мәртебесіне сәйкес мемлекеттік қолдау алуға құқығы туралы күнделікті хабардар етеді.
ОЦК арқылы ешқандай өтінішсіз төмендегі 10 түрлі әлеуметтік жәрдемақы мен төлемді рәсімдеуге болады:
-еңбекке жарамдылығын жоғалтқандарға арналған әлеуметтік төлемдер;
-жұмыссыз қалғандарға берілетін төлемдер;
-асыраушысынан айырылғандарға арналған жәрдемақы;
-ерекше қажеттіліктері бар баланы тәрбиелеп отырған ата-анаға немесе қамқоршыға жәрдемақы;
-мүгедектігі бойынша жәрдемақы;
-көпбалалы отбасыларға төленетін жәрдемақы;
-«Алтын алқа» мен «Күміс алқа» иегерлеріне арналған төлемдер;
-жерлеу рәсімдеріне берілетін біржолғы төлемдер.
Сонымен қатар, жүйе автоматты түрде зейнетақы төлемдеріне, қандас мәртебесінің мерзімінің аяқталуына, сондай-ақ жұмыссыздарға арналған жұмыспен қамту шаралары туралы хабарламалар жібереді.
Мемлекеттік қолдау алу құқығы бар азаматқа 1414 байланыс орталығынан SMS хабарлама жолданады. Азамат келісімін берген жағдайда, өтініш беру мен төлемді тағайындау автоматты түрде жүзеге асырылады. Қаражат азаматтың банктік шотына аударылады.
Ескеретін жайт, SMS-хабарламалар тек 1414 байланыс орталығынан келеді. Басқа нөмірлерден келген хабарламаларға жауап бермеңіз.
Қосымша ақпарат алу үшін 1414 байланыс орталығына хабарласыңыз. Қоңырау шалу тегін.