OpenAI компаниясы өз қолданушыларына ChatGPT чат-ботымен телефон арқылы сөйлесуге мүмкіндік беретін жаңа қызметін таныстырды. 18 желтоқсандағы «12 күн OpenAI» медиа-акциясының оныншы күнінде компания 1-800-ChatGPT нөмірінің іске қосылғанын хабарлады. Енді АҚШ-та кез келген адам осы нөмірге қоңырау шалып, Advanced Voice Mode режимінде чат-ботпен сөйлесе алады.
«OpenAI-дің мақсаты – жасанды интеллектіні бүкіл адамзат үшін пайдалы ету. Бұл мақсатқа жетудің бір жолы – оның қолжетімділігін арттыру. Бүгін біз бұл мақсатқа жетудегі келесі қадам- ChatGPT-ді телефон арқылы пайдалануға ұсынып отырмыз», – деді OpenAI-дің өнімдер жөніндегі бас директоры Кевин Вейл 18 желтоқсандағы тікелей эфир барысында.
Демонстрация кезінде әзірлеушілер чат-ботқа қоңырау шалып, Калифорния штатындағы Хиллсборо қаласы маңындағы 280 жол бойында орналасқан әйгілі сәулет туындысы туралы сұрады. ChatGPT дұрыс жауап беріп, оны «Флинтстоундар үйі» деп таныды және команда қойған қосымша сұрақтарға жауап берді.
Бұл қызмет қазір АҚШ-тағы қолданушыларға қолжетімді. Телефон арқылы сөйлесу үшін OpenAI жеке парақшасы қажет емес, бірақ сөйлесу уақыты 15 минутпен шектеледі. Қызметтің функционалдығы AVM (Advanced Voice Mode) мобильді құрылғысында қолдану мүмкіндігіне ұқсас. Қоңырау шалушылар сұрақ қойып, мәтін аударуды сұрай алады немесе әзіл айтуын өтіну сияқты әртүрлі тапсырмаларды орындай алады.
OpenAI өз чат-ботының қолжетімділігін біртіндеп кеңейтуде. Бастапқыда тек веб-сайт арқылы қолжетімді болған ChatGPT енді Apple және Windows-қа арналған компьютерлік қосымшаларда, сондай-ақ iOS пен Android құрылғыларында да қолжетімді.
«12 күн OpenAI» шарасы барысында компания көптеген жаңа модельдер, өнімдер мен функцияларды таныстырды. Олардың ішінде o1 моделі, Sora бейнегeнерация құралы, ChatGPT жобаларына арналған жаңартулар, Canvas функциясының жаңа мүмкіндіктері, айына $200 тұратын Pro тарифтік жоспары және жаңа құралдар бар.