Әлемде көмірқышқыл газын (СО2) шығару көлемін азайтуға бағытталған түрлі шаралар қабылдануда. Дегенмен, әлемнің ең бай адамдары, мысалы, Илон Маск пен Джеф Безос сияқты тұлғалар өздерінің жеке ұшақтары мен яхталарынан бас тартпақ ойлары жоқ. Жақында жүргізілген зерттеулердің нәтижесі бойынша, олардың аталмыш көлік құралдарын 90 минут пайдалану арқылы атмосфераға шығарған СО2 көлемі қарапайым адамның бүкіл өмір бойы шығаратын СО2 мөлшерінен бірнеше есе артық екендігі анықталды.
Oxfam британдық қоғамдық ұйымы өз зерттеулерінде әлемдегі ең бай 50 адамның жеке транспорттық инфрақұрылымына салған инвестициялары климаттық дағдарысты жылдамдататындығын ашық айтып отыр. Мысалы, осы 50 адамның 23-і жыл сайын орта есеппен 184 жеке ұшақ рейсін жасап, 425 сағат жолда болады. Бұл уақыт ішінде олар атмосфераға 2074 тонна СО2 шығарады. Бұл, қарапайым адам 300 жылда шығаратын СО2-мен тең немесе ең кедей елдерде тұратын адам үшін 2000 жылда шығаратын СО2 мөлшерімен бірдей.
Алайда, байлардың экологияға келтірген зияны тек ұшақтармен шектелмейді. Oxfam есептеуінше, 18 миллиардтердің 23 жеке қайығы жыл сайын 5672 тонна СО2 шығарады — бұл ұшақтардан келетін зияннан үш есе артық. Яхта — тек қана жайлы саяхат үшін емес, экологиялық апатқа себеп болатын факторлардың бірі.
Байлардың инвестициялары экологияға орасан зор зиян келтіретін салаларға да бағытталуда. Мұнай өндіру, тау-кен өнеркәсібі және кеме жасау салалары жыл сайын 2,6 миллион тонна СО2 шығарады. Бұл көрсеткіш ұшақтар мен яхталардан шыққан СО2 мөлшерінен 340 есе көп. Ал қарапайым адам дәл осындай көлемдегі зиянды шығару үшін 400 000 жыл өмір сүруі керек.
Болашақта, нақтырақ айтқанда алдағы 100 жыл ішінде, әлемдегі ең бай адамдардың СО2 шығаруынан туындайтын зиян салдарынан 1,5 миллиард адам өлім аузында қалуы мүмкін. Бұл тек байлардың табиғатқа келтіретін зиянының салдары ғана емес, сонымен қатар әлемнің ең кедей халықтарының өміріне қауіпті болуы ықтимал.