АҚШ-та электромобиль сатып алуға немесе жалға алуға берілетін $7500 көлеміндегі салықтық жеңілдік 30 қыркүйектен бастап күшін жояды. Бұл шешім Конгресс қабылдаған жаңа салық және бюджет заңнамасына сәйкес жүзеге асады. Бұл туралы Reuters хабарлады.
Сол күні қолданылған электромобильдерге берілетін $4000 көлеміндегі қолдау шарасы да тоқтатылмақ. Соңғы жылдары бұл көмек электромобиль нарығының кеңеюіне елеулі үлес қосқан болатын.
Электр көліктерін дамытуға бағытталған Electrification Coalition ұйымы аталған шешімге алаңдаушылық білдіріп, “бүкіл әлем электромобильдерге бет бұрып жатқанда, АҚШ бұл саладағы жетекшілік ұстанымынан айырылып қалуы мүмкін”, – деп мәлімдеді.
Электромобильдерге арналған салықтық жеңілдіктер АҚШ-та алғаш рет 2008 жылы енгізілген. Ол кезде өндіруші компанияға 200 мың көлікпен шектелген болатын. Ал 2022 жылғы реформа бұл шектеуді алып тастап, лизингке берілетін көліктерді де жеңілдіктер тізіміне қосты.
Бұдан бөлек, жаңа заңнама дәстүрлі көлік өндірушілерге де бірқатар жеңілдіктер ұсынып отыр. Атап айтқанда, экологиялық талаптарды бұзғаны үшін салынатын айыппұлдарды алып тастау арқылы іштен жанатын қозғалтқышы бар көліктерді өндіруді жеңілдетпек.
Танымал автоөнеркәсіп сарапшысы Дэн Левидің айтуынша, салықтық ынталандырудың тоқтатылуы қыркүйекке дейін электромобиль сатылымының күрт артуына себеп болады. Себебі тұтынушылар жеңілдікті пайдаланып үлгеруге тырысады. Алайда қыркүйектен кейін электромобильдерге деген сұраныс күрт төмендеуі мүмкін.
“Бұл заң АҚШ-тағы электромобильдердің таралу қарқынының бәсеңдегенін көрсетеді. Бұған дейін ынталандыру мен қатаң талаптар қатар жүрген еді. Енді екеуі де әлсіреп отыр”, – деп түсіндірді Леви.