Қазақстанның автомобиль жолдарында интернетке қолжетімділік кеңейеді. Телекоммуникациялар комитеті LS-ке жобаның жүзеге асырылу барысы туралы мәлімет берді.
Комитеттің мәліметінше, республикалық және облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының кей учаскелерінде ұялы байланыс сигналы тұрақсыз, ал интернетке қолжетімділік төмен. Осындай байланыс сапасы нашар учаскелер анықталған.
Осыған байланысты Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен «Транстелеком» компаниясы телекоммуникациялық инфрақұрылым құру туралы келісімге келген. Жоба автомобиль жолдарын радиосигналмен қамтуға бағытталған.
Жобаның бірінші кезеңінде 2026 жылдың соңына дейін республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының бойына антенна-діңгек құрылыстарын орнату жоспарланып отыр.
Екінші кезеңде, яғни 2027 жылдың соңына дейін облыстық маңызы бар автомобиль жолдарын байланыс желісімен қамту көзделген.
Осылайша, келесі жылдың соңына дейін елдегі негізгі автомобиль бағыттарының барлығын тұрақты ұялы байланыспен қамту жоспарланып отыр.
Жоба толық жүзеге асқан жағдайда 40 мың шақырымнан астам автомобиль жолында 4G интернеті қолжетімді болады. Бұл жол қозғалысының қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді.
Комитеттің мәліметінше, құрылыс жұмыстары толығымен жеке инвестициялар есебінен жүргізіледі. Жобаға бюджет қаражаты тартылмайды.
Бекзада ИШЕКЕНОВА












