Қазақстандағы республикалық маңызы бар автожолдардың бойында тұрақты ұялы байланыс пен мобильді интернет 2025 жылға дейін толық қамтылады. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Ростислав Коняшкин Шығыс Қазақстан облысы тұрғындарымен кездесуінде мәлімдеді, деп хабарлайды YK-news.kz.
Вице-министрдің айтуынша, автожолдар бағыты — министрлік назарындағы жеке бір жоба. Оның басты мақсаты — ел ішіндегі жолдардың барлығын сапалы байланыспен қамтамасыз ету. Бұл жұмыс жергілікті әкімдіктермен бірлесіп жүзеге асырылып жатыр.
2023 жылы еліміздің жолдары бойынша байланыс сапасына өлшеулер жүргізіліп, ең әлсіз аймақтар анықталған. Соған сәйкес бірінші кезекте қосылуы тиіс мекендер белгіленді. Қазіргі таңда республикалық маңызы бар автожолдардың бойында антенна-мачталық құрылғылар (АМҚ) орнатылып жатыр. Бұл жұмыс былтыр басталып, биыл толық аяқталмақ.
«Жол бойына инфрақұрылым тарту — өте күрделі әрі шығынды жұмыс. Тек базалық станцияны орната салу жеткіліксіз. Ол жерге мачталық құрылымдар тұрғызып, электр қуатын тартып, қажетті кабельдерді жеткізу керек. Осы шығындарды азайту үшін жобаға жеке инвесторлар тартылып, олар антенна-мачталарды орнатып, байланыс операторларына жалға береді»,- дейді Ростислав Коняшкин.
Республикалық жолдар толық қамтылған соң, 2025 жылдан бастап ұялы байланыс пен интернет жергілікті маңызы бар жолдарда да жүргізіле бастайды.