Қаржылық мониторинг агенттігі цифрлық активтердің заңсыз майнингіне қарсы жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр.
2024 жылдың басынан бері 17 қылмыстық іс тіркеліп, мемлекетке келген залал 1,3 млрд теңгені құрады. Заңсыз фермалар ең көп тіркелген қалалар: Астана – 6, Шымкент пен Қостанай – әрқайсысында 3.
Аталған істер бойынша 642 мың АҚШ доллары көлемінде цифрлық активтерге тыйым салынды және тәркіленді.
Айта кету керек, кейбір заңсыз майнинг фермалары электр энергиясын ұрлау арқылы жұмыс істеген (5 ферма), олардың тұтынған көлемі ірі қаланың тұтыну деңгейімен тең. Сондай-ақ, шу шығаратын фермалардың қасында тұратын тұрғындардың құқықтары бұзылған жағдайлар тіркелген.
Заңсыз электр энергиясын тұтынудың салдарынан ресурстар нақты бизнес-жобаларды дамытуға, өндірісті жетілдіруге және әлеуметтік нысандарға жұмсалмайды.
Сонымен бірге, Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметі бойынша соңғы үш жылда майнингтен бюджеттің кірісі 17 млрд теңгеден асты. Бұл салаға бақылау мен реттеу қажеттігін дәлелдейді.
Агенттік еске салады: Қазақстанда майнинг тек лицензия болған жағдайда ғана рұқсат етіледі. Заңды қызметті жүргізу үшін жабдықты тіркеу, электр энергиясына келісім-шарт жасау және салықтық міндеттемелерді орындау қажет.
Заңсыз майнинг қылмыстық жауапкершілікке тартылады, елдің экономикалық қауіпсіздігіне зиян келтіреді және электрмен жабдықтауда үзілістерге әкеледі.
Агенттік кәсіпкерлер мен азаматтарды заңсыз майнингке қатыспауға және цифрлық активтер нарығын ашық әрі қауіпсіз дамытуға шақырады.












