Parker аппараты Күнге бұрын-соңды болмаған қашықтыққа жақындады
Америкалық Parker ғарыш аппараты Күнге рекордтық деңгейде жақын ұшып өтті. Ол Күнге небәрі 6,1 миллион шақырымға дейін жақындап, сағатына 690 мың шақырым жылдамдықпен қозғалды.
NASA мәліметінше, Parker бұл ұшуды алдағы уақытта тағы екі рет қайталайды. Дегенмен, Күннің жоғары температурасы аппаратқа қауіп төндіруі мүмкін. Осы жолғы ұшу Күнге ең жақын қашықтық ретінде тіркеліп, тарихта қалды.
Қазіргі уақытта аппаратпен байланыс уақытша үзілген. Байланыс 27 желтоқсан күні қайта орнатылады деп күтілуде. Ал жинақталған ғылыми деректерді Parker 2025 жылдың қаңтар айының соңында Жерге жібере бастайды. Егер миссия сәтті жалғасса, аппарат Күн маңынан 2025 жылдың 22 наурызында және 19 маусымында тағы да ұшып өтеді.