Қазақстандықтар тағы да алаяқтардың eGov.kz порталының атынан хабарласып, ресми 1414 нөмірін пайдаланып, белгісіз сілтемелерге өтуге немесе күмәнді нөмірлерге SMS жолдауды сұрайтын жағдайларына жиі ұшырасуда. Бұл туралы «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ ресми түрде ескертті.
«1414 нөмірінен келген SMS-кодты ешкімге айтпаңыз. Алаяқтар WhatsApp арқылы хабарласып, келген хабарламадағы кодты сұрауы мүмкін. Бұл – сіздің сеніміңізді жаулап, назарды басқаға аударту үшін жасалатын психологиялық айла. Олар банк қызметкері, байланыс операторы, мемлекеттік орган, техникалық көмек қызметі немесе курьер ретінде танысып, сіздің жеке деректеріңізді алуға тырысады. Мұны түрлі “мәселелерді шешу үшін керек” деген сылтаумен жасайды», – деп мәлімдеді мекеменің баспасөз қызметі.
Нені есте сақтау керек?
1414 нөмірінен келген кодты және ЭЦҚ кілттерін бөтен адамдарға бермеңіз.
Бейтаныс адамдар жіберген сілтемелерге өтпеңіз.
Күмәнді өтініш бойынша ешқандай қосымша орнатпаңыз.
Егер күмән туса, ресми 1414 call-орталығына өзіңіз хабарласыңыз.