Home Технологиялар Ғаламтор және желі Сейсмологтар Қазақстанда жойқын жер сілкінісі болады деген қауесетті жоққа шығарды

Сейсмологтар Қазақстанда жойқын жер сілкінісі болады деген қауесетті жоққа шығарды

11

Соңғы күндері қазақстандық ақпараттық кеңістікте Қытай ғалымдары болжап отырған ірі жер сілкінісі Қазақстанға да әсер етуі мүмкін деген хабарламалар жиі тарала бастады. Алайда бұл ақпаратқа қатысты Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты Ұлттық сейсмологиялық бақылау және зерттеу ғылыми орталығы алаңдауға негіз жоқ екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Мамандарының айтуынша, әлеуметтік желілерде қызу талқыланған зерттеу шын мәнінде жүргізілген. Оны Бейжіңдегі жер сілкіністерін бақылау агенттігінің ғалымы Чжу Хунбин бастаған топ жүргізген. Зерттеуде Қытайдың Сычуань, Юньнань және Шығыс Гималай аймақтарындағы жер сілкіністерінің мерзімділігі туралы теория қарастырылған. Ғалымдар бұл өңірлерде жойқын жер сілкіністері шамамен әр 30–40 жыл сайын қайталануы мүмкін деген болжам айтқан. Дегенмен бұл тек өткен оқиғаларға жасалған сараптама негізінде жасалған болжам ғана. Сонымен қатар, нақты уақыт көрсетілген ресми ескерту жасалмады.

Ең бастысы – зерттеуде көрсетілген аумақтар Қазақстаннан бірнеше мың шақырым қашықта орналасқан және мүлде басқа сейсмикалық белдеуге жатады. Сондықтан бұл аймақтар біздің ел үшін ешқандай қауіп төндірмейді.

Соған қарамастан, әлеуметтік желілерде ақпарат бұрмаланып тараған. Кей жазбаларда қытай сейсмологтары 8 балдан жоғары жер сілкінісін болжады делінсе, енді біреулері оның салдары Қазақстанға да әсер етеді деп мәлімдеген. Бұл мәліметтер шындыққа жанаспайды.

Сарапшылардың сөзінше, мұндай негізсіз ақпараттар халық арасында үрей туғызудан басқа еш нәтиже бермейді. Ұлттық сейсмология орталығы қазақстандықтарды сабыр сақтап, интернеттегі жалған қауесеттерге сенбеуге шақырды.