Home Кәсіби маман Аналитика Қазақстандықтар Отбасының цифрлық картасы арқылы қандай мемлекеттік қызметтерді ала алады?

Қазақстандықтар Отбасының цифрлық картасы арқылы қандай мемлекеттік қызметтерді ала алады?

120

2024 жылдың басынан бастап Отбасының цифрлық картасы (ОЦК) енгізілгеннен бері 447,8 мың қазақстандық SMS арқылы мемлекеттік қызметтерді проактивті түрде алу мүмкіндігін алды. Соның ішінде, 195,6 мың адам өтінішсіз көмек немесе жәрдемақы алуға жүгінген. Бұл мәліметтерді ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Министрліктің мәліметінше, Отбасыныңқ цифрлық картасы мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен алынған деректер негізінде қалыптасады. Бүгінгі таңда картаның құрамында 20 миллион қазақстандықтың, яғни алты миллионнан астам отбасының ақпараты жинақталған.

«ОЦК енгізудің басты мақсаты – қазақстандықтардың мемлекеттік қолдау жүйесіне тең қолжетімділігін қамтамасыз ету. Сондықтан әлеуметтік кодексте Отбасының цифрлық картасы әлеуметтік саясаттың орташа және ұзақ мерзімді міндеттерін анықтауға арналған құрал ретінде белгіленген. Сонымен қатар, ОЦК азаматтарға әлеуметтік жағдайы бойынша мемлекеттік қолдаудың түрлері туралы күнделікті хабарлап отырады», – деді министрлік.

Қазіргі уақытта ОЦК мемлекеттік қолдау шараларына құқығы бар қазақстандықтарға өтінішсіз 10 түрлі жәрдемақы мен әлеуметтік төлем алуға мүмкіндік береді:

– еңбекке жарамдылықтан айырылу жағдайында әлеуметтік төлем;

– жұмыстан айрылу жағдайында әлеуметтік төлем;

– асыраушысын жоғалтқан жағдайда жәрдемақы;

– мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-ана (қамқоршы) үшін жәрдемақы;

– мүгедектік бойынша жәрдемақы;

– көпбалалы отбасыларға жәрдемақы;

– «Алтын алқа» және «Күміс алқа» белгілерімен марапатталған аналарға жәрдемақы;

– меке-жайы әлеуметтік көмек;

– жерлеуге біржолғы төлем.

Сонымен қатар, ОЦК арқылы зейнетақы төлемдерін алу, қандас мәртебесінің мерзімі туралы, жұмыссыздарға арналған жұмыспен қамту шаралары туралы автоматты хабарламалар жіберіледі.

«Мемлекеттік қолдау шараларына құқық белгіленген кезде әлеуетті алушыға 1414 нөмірінен SMS-хабарлама жіберіледі. Хабарлама алған азамат оған келісімін беруі қажет. Өтініш беру және әлеуметтік жәрдемақы немесе төлем тағайындау автоматты түрде жүзеге асырылады, ал қаражат алушының банк есепшотына аударылады. Алаяқтықың алдын алу мақсатында 1414 нөмірінен келген SMS-ке жауап беру маңызды. Барлық сұрақтар бойынша 1414 нөміріне хабарласуға болады. Қоңырау шалу тегін», – деп толықтырды бөлімнің баспасөз қызметі.