Home Және басқа ақпараттар Оқиғалар Қазақстандық мектеп оқушылары робототехникадан әлем чемпионатының үш дүркін чемпионы атанды.

Қазақстандық мектеп оқушылары робототехникадан әлем чемпионатының үш дүркін чемпионы атанды.

77

Грекияда өткен әлемдегі ең ірі робототехника чемпионаты FIRST Global Challenge өз мәресіне жетті. Қазақстандық оқушылар бірден бірнеше бағытта үздік нәтиже көрсетіп, 190 елдің ішінде бас жүлдені жеңіп алды. Бұл жеңіс арқылы Қазақстан құрамасы қатарынан үшінші жыл чемпиондық атағын растап отыр.

Алматыдағы НЗМ ФМН оқушылары Ердәулет Төрегенбаев, Әлфия Байжақып, Нұржан Көкеев, Досжан Дайран және Қадырбек Дастан Қазақстан құрамасын құрады. Команданы жаттықтырғандар — Асылбек Мұрзахметов, Нұрдәулет Досмағамбет және Дулат Байтүленов.

Команда Grand Challenge Award номинациясында алтын медаль жеңіп алып, рекордтық ұпай жинаумен қатар, FIRST Global International Excellence және Robots Skills Challenge номинацияларында екі күміс медальге ие болды. Сонымен қатар, жас инженерлерді қолдағаны үшін USTEM FOUNDATION Қоғамдық Қоры Аль-Хорезми атындағы күміс медальмен марапатталды.

«Біз чемпионаттың рекордын жаңартып, Қазақстанға тағы да алтын медаль алып келгенімізге қуаныштымыз. Әлемде үш жыл қатарынан жеңіске жеткен ел жоқ, және әр жыл сайын ұлттық құраманы жаңа оқушылар құрайды», — деді команда жаттықтырушысы Асылбек Мұрзахметов.

Айта кетейік, Қазақстан құрамасы 2022 жылы Женевада және 2023 жылы Сингапурда жеңіске жеткен.Ұлттық құрама робототехника бойынша олимпиаданың іріктеу кезеңдерінде құрылды, оны «Дарын» РҒПО, ҚР Оқу-ағарту министрлігі және Алматы қаласының әкімдігі қолдады.

Анықтама: FIRST Global Challenge — әр жылы түрлі елдерде өтетін, олимпиадалық үлгідегі әлемдік робототехника чемпионаты. Бұл — қазақстандық оқушылардың осындай беделді инженерлік жарыстағы үшінші жеңісі.