Home Зерттеу Қазақстан Government AI Readiness Index 2025 рейтингінде 16 сатыға көтерілді

Қазақстан Government AI Readiness Index 2025 рейтингінде 16 сатыға көтерілді

41

Қазақстан Оксфорд университетіне қарасты халықаралық Oxford Insights сараптама орталығы әзірлеген Government AI Readiness Index 2025 рейтингінде 195 елдің ішінде 60-орынға тұрақтады. Бұл – елдің бір жыл ішінде бірден 16 сатыға жоғарылағанын көрсетеді. Бұған дейінгі бағалауда Қазақстан 76-орында болған.

Өңірлік тұрғыда Қазақстан Орталық Азия елдері арасында жасанды интеллектіні енгізу және оны басқару деңгейі бойынша көшбасшы атанып, аймақтағы ең дамыған цифрлық мемлекеттердің бірі екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Government AI Readiness Index үкіметтердің жасанды интеллектіні мемлекеттік басқару, экономика және қоғамдық үдерістерде тиімді қолдану қабілетін, сондай-ақ оны қауіпсіз, жауапты әрі орнықты дамытуға жағдай жасау деңгейін бағалайды. Зерттеу 195 мемлекетті қамтиды және жасанды интеллект саласындағы мемлекеттің рөліне ғана бағытталған бірегей халықаралық рейтинг саналады.

Қазақстанның көрсеткішінің артуы институционалдық және инфрақұрылымдық негіздің нығайғанын, сондай-ақ мемлекеттік секторда жасанды интеллектінің белсенді түрде енгізіліп жатқанын аңғартады.

Әсіресе Public Sector Adoption бағыты бойынша ел жоғары нәтиже көрсетті — 73,59 балл. Бұл мемлекеттік қызметтерде цифрлық шешімдердің кең қолданылып жатқанын, электрондық үкіметтің дамуын және азаматтар мен бизнеске арналған алдын ала ұсынылатын қызметтерге көшу үдерісін көрсетеді.

Қазақстанның маңызды артықшылықтарының бірі — дамыған цифрлық және телекоммуникациялық инфрақұрылым. Ол жасанды интеллектіге негізделген шешімдерді ұлттық деңгейде кеңінен енгізуге мүмкіндік береді. Ұлттық цифрлық платформалардың қалыптасуы, интернеттің кең таралуы және электрондық мемлекеттік қызметтердің орныққан жүйесі жасанды интеллект технологияларын одан әрі дамытуға қолайлы орта қалыптастырып отыр.

Oxford Insights есебінде Қазақстанның саяси әлеуеті мен басқарушылық дайындығына да ерекше назар аударылған. Стратегиялық құжаттардың болуы, құқықтық негіздің қалыптасуы және жасанды интеллект мәселесіне институционалдық деңгейде тұрақты көңіл бөлінуі бұл салада ұзақ мерзімді әрі жүйелі мемлекеттік саясат жүргізуге жол ашады.

2025 жылғы рейтинг жаңартылған әдістеме негізінде жасалды. Онда мемлекеттің рөлі стратегиялық жоспарлау мен реттеуден бастап, жасанды интеллектіні нақты мемлекеттік басқару мен экономикада қолдануға дейін кеңейтілген. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстанның қол жеткізген нәтижесі жаһандық жасанды интеллект экожүйесі күрделеніп жатқан кезеңде ерекше мәнге ие.

Зерттеу қорытындысы алдағы даму бағыттарын да айқындайды. Қазақстандағы жасанды интеллект экожүйесінің келесі кезеңі – технологияларды коммерцияландыруды жеделдету, жеке технологиялық сектор мен стартаптарды дамыту, сондай-ақ бизнес үшін деректер мен қаржыландыру құралдарына қолжетімділікті кеңейту болмақ.

Жалпы алғанда, Government AI Readiness Index 2025 нәтижелері Қазақстанның жасанды интеллектіні жүйелі түрде енгізу жолымен нық қадам басып келе жатқанын көрсетеді. Бұл үдеріс мықты мемлекеттік институттарға, дамыған цифрлық инфрақұрылымға және мемлекеттік сектордағы нақты тәжірибеге сүйенеді.

Алдағы уақытта Қазақстанның халықаралық рейтингтердегі орны мемлекеттік цифрлық негізді нарықтық шешімдерге айналдырумен және жасанды интеллект технологияларын енгізуден тұрақты экономикалық тиімділік алумен тығыз байланысты болмақ.