Қарағандыдағы профессор Х.Ж. Макажанов атындағы көпсалалы ауруханаға ерекше медициналық құрылғы – Remebot RM-200 роботтандырылған нейрохирургиялық кешені орнатылды. Бұл – Қазақстандағы осындай деңгейдегі алғашқы аппарат.
Жасанды интеллектімен жұмыс істейтін робот миға жасалатын ең күрделі операцияларды миллиметрдің жүзден бір дәлдігімен орындауға мүмкіндік береді. Бұл тәсіл хирургиялық араласудың қауіпсіздігін арттырып, нәтижелілігін күшейтеді. Құрылғы жергілікті бюджет есебінен сатып алынып, алдағы уақытта толық іске қосылады.
Аймақ әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жаңа жүйемен танысып, өңірде денсаулық сақтау саласына ерекше көңіл бөлініп отырғанын атап өтті. Президент бастамалары аясында дәрігерлік амбулаториялар салынып, 92 жаңа медициналық нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, жедел жәрдем автопаркі жаңартылып, ауруханалар заманауи технологиялармен жабдықталуда.
Жаңа жүйе жылына 300-ден астам операция жасауға мүмкіндік береді. Роботтың жоғары дәлдігі Паркинсон ауруы, эпилепсия, ми ісігі және гематомаларды жою секілді күрделі жағдайларда аса маңызды.
Клиника дәрігерлері Қытайда арнайы оқудан өтіп, Remebot жүйесін тәжірибеден өткізген. Енді олар бұл технологияны тәжірибеде толық пайдалана алады. Reme-Hybrid деп аталатын робот қолының жаңа буыны күрделі манипуляцияларды орындауда қосымша мүмкіндік береді.
Роботты енгізу — облыстың денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту бағдарламасының бір бөлігі. Өңірде жаңа медициналық нысандар бой көтеріп, ауруханалар заманауи техникамен жабдықталып, жедел жәрдем көліктері жаңартылып келеді. Әкімнің айтуынша, мұндай қадамдар тұрғындарға көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттырып, жоғары технологиялық операциялардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
            
	











