2025 жылдың 16 сәуірінен бастап Алматы метросында жолақысын төлеудің жаңа тәсілі іске қосылды. Енді жолаушылар ұялы телефон арқылы QR-код сканерлеп, турникеттен өте алады. Бұл туралы Finratings.kz «Алматы қаласының көлік холдингі» ЖШС баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Жолақысын төлеу үшін тек ONAY қосымшасын орнатсаңыз жеткілікті. Компания мамандарының айтуынша, бұл тәсілдің басты артықшылығы — интернеттің қажеті жоқ. QR-кодты метроның ең терең бөлігінде, байланыс мүлде ұстамайтын жерде де жасауға болады. Қосымшаны ашып, «QR-код шығару» бөлімін таңдап, экрандағы кодты турникетке жақындатсаңыз болды — жүйе шотыңыздағы теңгерімді тексеріп, өтуге рұқсат береді.
Жаңа жүйе әзірге сынақ режимінде жұмыс істеп жатыр. Дегенмен, ол жолаушыларға ыңғайлы әрі тиімді екенін дәлелдеп үлгерді. Әсіресе картасын жиі ұмытып кететіндер мен метро ішінде интернетке қосыла алмайтындар үшін үлкен көмек болмақ.
Айта кетейік, 2023 жылы Алматы метросы 25 миллионнан астам жолаушы тасымалдаған. Жаңа оқу жылы басталғалы бері күнделікті жолаушылар саны 70 мыңнан 90 мыңға дейін артты. Кейін бұл көрсеткіш 100 мың адамға дейін жеткен.
2024 жылдың мамырында метрополитен 2 миллион 191 мың жолаушыны қабылдады, бұл қаңтармен салыстырғанда 292 мың адамға көп. Ал 2024 жылдың қыркүйегінде, жаңа оқу жылы басталғанда, күнделікті жолаушылар саны 91 мыңнан 105 мыңға дейін жетіп, алдыңғы кезеңдермен салыстырғанда 61 пайызға артты.
Жанна Амирова, Finratings.kz