Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен GSMA халықаралық қауымдастығы AI & Digital Bridge 2026 форумы аясында өзара түсіністік туралы келісімге қол қойды. Құжатқа сәйкес, 2027 жылдың күзінде Астанада M360 Eurasia халықаралық форумы өтеді.
Ауқымды халықаралық шара жасанды интеллект технологияларын дамытуға, цифрлық қызметтердің баршаға қолжетімділігін кеңейтуге, нормативтік-құқықтық реттеу мәселелеріне және заманауи байланыс инфрақұрылымын дамытуға арналады. Форумға халықаралық сарапшылар, реттеуші органдардың өкілдері, технология саласындағы жаңашылдар мен Орталық Азия елдерінің және әлемнің жетекші нарықтарында жұмыс істейтін компаниялар қатысады.
M360 Eurasia форумын өткізу орны ретінде Қазақстанның таңдалуы елдегі цифрлық өзгерістердің қарқынды жүруімен және жасанды интеллект экожүйесінің жүйелі дамуымен байланысты. Қазақстанда осы салаға арналған арнайы заңнама қабылданып, ұлттық іс-қимыл жоспары бекітілген. Сонымен қатар мамандар даярлауға және стартаптарды қолдауға бағытталған AI-Sana бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Ал Alem.ai платформасы білім беру, ғылыми зерттеулер жүргізу және мемлекеттік секторға жасанды интеллект шешімдерін енгізу бағыттарын біріктіреді.
Цифрлық бастамалардың дамуы телекоммуникациялық инфрақұрылымды ауқымды жаңғыртумен қатар жүріп жатыр. Елде 5G желілері белсенді түрде енгізіліп, өңірдегі құрылғылармен тікелей байланыс орнатуға арналған алғашқы технологиялық үлгі сынақтан өткізілуде. Бұған қоса, спутниктік байланыс дамытылып, қуаты 1 ГВт-қа дейін жететін ірі деректер орталықтары кластерін салуға дайындық жүргізілуде. Каспий теңізі арқылы өтетін талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту жобасы да іске асырылып жатыр.
Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев алдағы форумның маңызына тоқталды.
«GSMA M360 Eurasia халықаралық форумының 2027 жылы Астанада өтуі – Қазақстанның өңірдегі жетекші цифрлық және телекоммуникациялық орталық ретіндегі мәртебесін тағы бір мәрте растайтын маңызды оқиға. GSMA – әлемдегі жетекші мобильді байланыс операторларын біріктіретін және бүкіл саланың стандарттарын қалыптастыруға қатысатын ең ірі халықаралық ұйым. M360 Eurasia форумының елімізде өткізілуі халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға, инвестиция тартуға, сондай-ақ Орталық Азияда және одан тыс өңірлерде инфрақұрылымдық, телекоммуникациялық және жасанды интеллект саласындағы бастамаларды ілгерілетуге мүмкіндік беретін беделді алаңға айналады»,- деп атап өтті ол.
Қосымша материалдар мен сараптамалық шолуларды біздің Telegram арнамыздан оқуға болады.












