Home Технологиялар Инновациялар Ғалымдар ауадағы ылғалды электр энергиясына айналдыратын тұсқағаз ойлап тапты

Ғалымдар ауадағы ылғалды электр энергиясына айналдыратын тұсқағаз ойлап тапты

11

Бингемтон университетінің зерттеушілері ауадағы ылғалды пайдаланып, электр энергиясын өндіретін пассивті жүйенің прототипін әзірледі. Оны тұрғын үйлерде қолдануға болады. Құрылғының сыртқы көрінісі бөлме интерьеріне үйлесуі үшін кәдімгі тұсқағазға ұқсатып безендірілген. Осылайша, пәтердің қабырғалары ешқандай қосымша қуат көзін қажет етпей, электр энергиясын өндіретін энергия көзіне айналады.

Тұрғын үйлер ауадағы ылғалдан энергия өндіруге қолайлы орта саналады. Себебі мұндай ғимараттарда ауаның салыстырмалы ылғалдылығы көбіне тұрақты болып, орта есеппен 30–60 пайыз аралығында сақталады. Бұған адамдардың күнделікті тұрмысы әсер етеді. Ыдыс жуу, душ қабылдау, тамақ әзірлеу және тыныс алу кезінде бөлінген ылғал ауаға таралады. Сонымен қатар үй ішінде ылғалдылық деңгейіне әсер ететін қатты жел мен аптап ыстық сияқты сыртқы факторлар болмайды. Дегенмен кей жағдайда үй ішіндегі артық ылғалды арнайы құрылғылар арқылы азайту қажет.

Электр энергиясын өндіру үшін глицерин мен полимерлерден тұратын көпқабатты жүйе қолданылады. Глицерин ауадағы ылғалды сіңірсе, полимерлер оның әсерінен ионданады. Тұсқағаздың құрылымы сыртқы және ішкі қабаттары арасында электрлік потенциалдар айырмасын қалыптастыратындай етіп жасалған. Соның нәтижесінде кернеу пайда болып, электр тогы өндіріледі. Құрылғының кернеуі аса жоғары емес, шамамен 0,34 вольт. Ауаның салыстырмалы ылғалдылығы 80 пайыз болған кезде қуат тығыздығы бір шаршы сантиметрге 2,2 микроваттты құрайды. Соған қарамастан, осындай 1596 энергетикалық ұяшықтан тұратын жүйе, мысалы, сымсыз пернетақтаны қуаттандыруға жеткілікті.

Бұл тұсқағаздардың тағы бір ерекшелігі – ауадан ылғал сіңіріп, бөлмедегі салыстырмалы ылғалдылықты шамамен 6 пайызға төмендете алуы. Осылайша, олар электр энергиясын өндірумен қатар, ауаны салқындату жүйесіне түсетін жүктемені азайтуға да көмектесуі мүмкін. Мұндай шешім «ақылды үй» жүйесінде де пайдалы болуы ықтимал. Мәселен, электр қуатын аз тұтынатын датчиктер мен басқа да құрылғыларды инновациялық тұсқағаздар арқылы өндірілген энергиямен қамтамасыз етуге болады.

Дереккөз: Binghamton University.

Қосымша материалдар мен сараптамалық шолуларды біздің Telegram арнамыздан оқуға болады.