Home Робот пен дрондар,ЖИ 24 елдің үздік ұшқышы бақ сынаған жарыста Қазақстан атынан 13 жастағы қарағандылық...

24 елдің үздік ұшқышы бақ сынаған жарыста Қазақстан атынан 13 жастағы қарағандылық өнер көрсетті

13

Қарағандылық 13 жастағы Тимофей Муравьёв FPV-дрон жарысынан әлемдегі ең беделді халықаралық сайыстардың бірі саналатын World Drone Cup бәсекесіне қатарынан үшінші рет қатысты. Биыл ол WDC 2026 жарысында Қазақстан атынан қатысқан жалғыз спортшы болды. Байрақты бәсекеге 24 елден келген ең мықты 32 ұшқыш жиналды.

Жарыс Түркияның Шанлыурфа қаласында авиация, ғарыш және технология жетістіктеріне арналған ашық аспан астындағы ең ірі TEKNOFEST фестивалі аясында өтті.

Бірнеше күнге созылатын фестивальде әуе көрсетілімдері, технологиялық көрмелер мен түрлі бағыттағы халықаралық жарыстар қатар ұйымдастырылады. FPV-дрон ұшқыштары үшін басты дода алаңы — World Drone Cup трассасы. Мұнда нәтиже секундтың үлесімен өлшенеді, ал күрделі учаскедегі бір қателік келесі кезеңге өту мүмкіндігінен айыруы мүмкін. Қатысушылар қақпалар мен кедергілерге толы бағытты дрондарын барынша жоғары жылдамдықпен басқара отырып өтеді. Мұндай жарыста лезде шешім қабылдау, дәлдік және қызу бәсеке кезінде басқару тетігін уысынан шығармау аса маңызды.

24 елдің үздік ұшқышы бақ сынаған жарыста Қазақстан атынан 13 жастағы қарағандылық өнер көрсетті

Алайда жарыс жолына шығу үшін алдымен іріктеуден өтіп, ұйымдастырушылардың шақыруын алу қажет. World Drone Cup бәсекесіне қатысушылар арнайы шақыру арқылы іріктеледі.

Тимофейдің әкесі Сергей Муравьёвтың айтуынша, мұндай шақыру спортшының халықаралық деңгейде мойындалғанын көрсетеді.

“World Drone Cup жарысына шақырту алу — өз еліңді халықаралық аренада таныстырып, әлемдегі үздік FPV-ұшқыштардың бірі атану үшін бақ сынауға берілген мүмкіндік. Оның артында көп жылғы жаттығу, спорттық жетістіктер мен халықаралық деңгейдегі мойындау тұр. Әлемнің үздік ұшқыштарымен қатар Қазақстанның атынан өнер көрсету — үлкен мәртебе әрі жауапкершілік”, – дейді ол.

Әлемдік жарыстың старт сызығына шығудың өзі ұшқыштың шеберлігі мен осыған дейінгі жетістіктерінің жоғары бағаланғанын аңғартады.

24 елдің үздік ұшқышы бақ сынаған жарыста Қазақстан атынан 13 жастағы қарағандылық өнер көрсетті

Қосымша материалдар мен сараптамалық шолуларды біздің Telegram арнамыздан оқуға болады.