Биыл әлемде сатылатын әрбір үш жаңа көліктің бірі электромобиль болады. Халықаралық энергетика агенттігінің (ХЭА) сарапшылары осындай болжам жасады. Олардың пікірінше, электромобиль нарығының өсуіне енді экологиялық мәселелер мен қоршаған ортаға зияны аз көлікке деген қызығушылық қана емес, экономикалық тиімділік, жанармай бағасының қымбаттауы және Қытай автомобиль өнеркәсібінің қарқынды дамуы да ықпал етіп отыр. Бұл туралы Tengri Auto Global EV Outlook есебіне сілтеме жасап хабарлады.
Есеп авторлары электромобиль нарығындағы жағдайдан бастап, қуаттау инфрақұрылымының дамуы мен электр көліктерінің энергетикалық жүйеге ықпалына дейінгі көптеген факторды ескерген. Сонымен қатар мұнай тұтыну, зиянды шығарындылар көлемі және Таяу Шығыстағы соғыс салдарынан туындаған энергетикалық дағдарыстың ықпалы да талданған. Зерттеу нәтижесінде әлемдік электр көлігі нарығының қазіргі жағдайы айқындалды. 2025 жылы электромобиль сатылымы 20 пайызға өсіп, алғаш рет 20 миллион данадан асты.
Соның нәтижесінде әлемде сатылған әрбір төртінші жаңа көлік электромобиль болды. 2026 жылы сатылым көлемі 23 миллионға жетіп, әлемдік автомобиль нарығының шамамен 30 пайызын құрауы мүмкін. Электромобиль нарығының өсімі ұзақ уақыт бойы осы көліктерді сатудың негізгі орталықтары саналған Қытай мен Еуропамен ғана шектелмейді. Қазір электр көліктеріне сұраныстың артуы әлемнің көптеген елінде байқалып отыр.
Мәселен, Еуропада электромобиль нарығы шамамен 30 пайызға өсті. Қытайды есептемегенде, Азия елдеріндегі сатылым 80 пайызға жуық артса, Латын Америкасында өсім 75 пайызға жетті. Бұл электромобильдердің жекелеген елдерге тән үрдіс болудан қалып, әлемдік автомобиль нарығының маңызды бөлігіне айналып келе жатқанын көрсетеді.
Халықаралық энергетика агенттігінің сарапшылары жанармай бағасының тұрақсыздығы жағдайында электромобиль сатып алу барған сайын тиімді бола түсетінін айтады. Агенттік болжамына сәйкес, 2035 жылға қарай әлемдегі электромобильдер саны қазіргі 80 миллионнан 510 миллионға дейін өсуі мүмкін. Бұл есепке екі және үш доңғалақты көлік құралдары кірмейді.
ХЭА атқарушы директоры Фатих Бироль электромобильдердің танымалдығы әлемдік автомобиль нарығы мен энергетика жүйесін едәуір өзгерткенін мәлімдеді.
«Әлемнің 100-ге жуық елінде электромобиль сатылымы рекордтық деңгейге жетті. Аккумуляторлар бағасының төмендеуі мен энергетикалық дағдарыс жағдайында қабылдануы мүмкін қолдау шаралары нарықтың одан әрі дамуына серпін беруі ықтимал», – деді Фатих Бироль.
Қазақстандағы электромобиль нарығында қанды өзгерістер орын алуда?
Қазақстан автомобиль одағының (ҚАО) мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы төрт айында елде электромобиль сатылымы өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2,5 есе өскен. Алайда жалпы автомобиль нарығындағы өзгеріс айтарлықтай болған жоқ.
Соған қарамастан ресми дилерлер сатқан жаңа көліктердің жалпы санындағы электромобильдердің үлесі 4 пайызға жетті. Бұл ретте толық электр қуатымен жүретін көліктердің (BEV) сатылымы гибридтерге (HEV) қарағанда жылдамырақ өскен. Бір жылда толық электрлі көліктердің сатылымы үш есеге жуық артты.
«Жеңілдік квотасы жойылғанына қарамастан, толық электрлі көліктер мен гибридтердің жалпы сатылымдағы үлесі 13 пайыздан (5842 көлік) 14,3 пайызға (6784 көлік) дейін өсті. Қазақстандықтардың электромобиль алуға дайын екенін олардың таңдауы мен жұмсаған қаражаты көрсетіп отыр. Дегенмен Қытайдан Қазақстанға жеткізілетін көліктер арасында гибридтер басым. Олар жалпы жеткізілімнің төрттен үшіне жуығын құрайды. Нақтырақ айтқанда, 6784 гибрид пен 1777 электромобиль әкелінген», – деп түсіндірді Михаилс Кветнис.
Оның пікірінше, сатылымның өсуіне BYD, Geely, LiXiang, Lynk&Co, Zeekr және басқа да Қытай брендтерінің электромобильдері Қазақстанға ресми арналар арқылы жеткізіле бастағаны әсер еткен. Бұған дейін бұл көліктердің басым бөлігі бейресми жолмен әкелінетіндіктен, Қазақстан автомобиль одағының ресми статистикасына енбеген.
Қазақстан да әлемдік үрдіске біртіндеп қосылып келеді. Михаилс Кветнистің болжамынша, елдегі жаңа автомобиль нарығы жылына 250 мың көлікке жетіп, электромобильдердің үлесі 5 пайызды құраса, ресми дилерлер шамамен 12,5 мың жаңа электр көлігін сата алады.
Сарапшының айтуынша, Қазақстанда электромобильдерге деген қызығушылық тұрақты түрде артып келеді. Дегенмен нарық көлемі әзірге әлемдік көрсеткіштерден едәуір төмен. Соған қарамастан ірі қалалардағы сатып алушылар электр көлігіне көшуге біртіндеп дайындалып жатыр. Бұған қуаттау инфрақұрылымының дамуы мен мұндай көлікті пайдаланудың экономикалық тиімділігі де әсер етеді.
Дереккөз: Tengri Auto
Елена Никитенко
Қысқартылып жарияланды.
Қосымша материалдар мен сараптамалық шолуларды біздің Telegram арнамыздан оқуға болады.












