Home Кәсіби маман Иілгіш күн панельдері байланыс инфрақұрылымын жасыл энергия көзіне айналдырады

Иілгіш күн панельдері байланыс инфрақұрылымын жасыл энергия көзіне айналдырады

13

Австралиялық телекоммуникация компаниясы Decon тіркелген сымсыз байланыс желісіне арналған биіктігі 40 метрлік мұнараның солтүстік жағына орнатылған жеңіл әрі иілгіш күн панельдерінің алғашқы сынағын бір ай бойы жүргізіп, оның бастапқы кезеңін аяқтады. Сынақ нәтижелері жаңартылатын энергияны қолданыстағы байланыс инфрақұрылымына елеулі өзгеріс енгізбей-ақ өндіруге болатынын көрсетті.

Decon әзірлеген технологияның негізгі ерекшелігі патенттелген бекіту құрылғысына негізделген. Оның көмегімен күн панельдерін бұрыннан пайдаланылып келе жатқан байланыс мұнараларына орнатуға болады. Жүйе әр нысанға бейімдеуді қажет етпей, бір үлгіде орнатуға және кейіннен кең көлемде пайдалануға мүмкіндік береді.

Иілгіш күн панельдері қолданыстағы аккумуляторлармен және электр қуатын үнемдеуге арналған басқа да технологиялармен бірге жұмыс істейді. Мұндай жүйе электр желісінде ақау болып, қуат өшкен жағдайда сымсыз байланыс мұнараларының 12 сағатқа дейін жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Алғашқы сынақ нәтижесіне сәйкес, күн сәулесінің түсуіне және ауа райына қарай жүйе нысанға қажетті электр энергиясының күндізгі көлемінің 40 пайызына дейін өндіре алады.

Иілгіш күн панельдері байланыс инфрақұрылымын жасыл энергия көзіне айналдырады

Қазіргі уақытта күн панельдерінің тиімділік көрсеткіші, нақты өлшемдері мен бағасы туралы ақпарат жарияланған жоқ. Сынақ Мельбурннан шамамен 60 шақырым солтүстік-батыстағы Македон-Рейнджес аймағына қарасты Нью-Гисборн елді мекенінде орналасқан nbn компаниясының тіркелген сымсыз байланыс нысанында жүргізілді, деп жазады PV Magazine.

Nbn компаниясының техникалық директоры Гай Скотттың айтуынша, алғашқы сынақ нәтижелері күн энергиясы мен аккумуляторларды кеңінен пайдалану арқылы көмірқышқыл газы шығарындыларын азайтуға болатынын көрсетті. Қазір жоба нақты пайдалану кезеңіне өтіп, компания бұл технологияны байланыс желісінің сенімділігін арттырудың бір жолы ретінде қарастырып отыр. Электр желісіндегі үзілістер кезінде жекелеген байланыс нысандарының жұмысын жалғастыруы жергілікті тұрғындардың қиын жағдайда да байланыс қызметтерін пайдалануына мүмкіндік береді.

Nbn компаниясы жаңартылатын энергия өндіретін осы жүйенің жұмыс тиімділігін әрі қарай бақылап, оны байланыс желісінің сенімділігін арттыру мақсатында қолданудың жаңа мүмкіндіктерін зерттемек. Компания сондай-ақ энергетика саласындағы жаңа технологияларды байланыс инфрақұрылымына енгізу жолдарын қарастырады.

Көктемде Калифорнияда суару арналарының үстіне күн панельдерін орналастыруға арналған жоба аяқталды. Қуаты 1,6 МВт болатын Project Nexus жүйесі 1200 үйді электр энергиясымен қамтамасыз ете алады. Күн панельдерін су арналарының үстіне орналастыру бір мезгілде бірнеше міндетті шешуге мүмкіндік береді. Бұл тәсіл судың булануын азайтып, жерді қосымша пайдалануды қажет етпейді әрі жаңартылатын, яғни таза энергия өндіруге жағдай жасайды.

Дереккөз:PV Magazine.

Қосымша материалдар мен сараптамалық шолуларды біздің Telegram арнамыздан оқуға болады.