Home Технологиялар Ғаламтор және желі Қазақстанда бизнеске қойылатын талаптарды жасанды интеллект арқылы анықтайтын жүйе әзірленді

Қазақстанда бизнеске қойылатын талаптарды жасанды интеллект арқылы анықтайтын жүйе әзірленді

8

Қазақстандық кәсіпкерлер үшін заңнамада белгіленген міндетті талаптарды іздеу жеңілдей түспек. Мыңдаған заңды, қаулы мен бұйрықты жеке-жеке зерделеудің орнына, бизнес өкілдері арнайы жасанды интеллект жүйесін пайдалана алады. Жүйе кәсіпкерлік қызметтің нақты түріне қандай талаптар қойылатынын анықтап, сақталуы тиіс нормаларды көрсетеді. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Міндетті талаптар тізілімінің пилоттық жобасы Астанадағы Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығында таныстырылды. Ұлттық экономика министрлігі әзірлеген жобаны ұлттық экономика вице-министрі Бекболат Молдабеков таныстырды.

Қазіргі таңда кәсіпкерлерге қойылатын талаптар көптеген нормативтік құқықтық актіде қамтылған. Кейбір нормалар бір-бірін қайталаса, енді бірқатары уақыт өте келе өзгеріп отырады. Жаңа жүйе жасанды интеллект технологиясының көмегімен осы талаптардың барлығын бір жерге жинақтап, олардың кәсіпкерлік қызметтің қандай түрлеріне қатысты екенін анықтайды.

«Кәсіпкерге өзінің қызметіне қатысты талаптарды ауқымды заңнама ішінен іздеуге көп уақыт жұмсауға тура келеді. Біздің міндетіміз – бұл үдерісті барынша жеңіл әрі түсінікті ету», – деді Бекболат Молдабеков.

Ведомствоның мәліметінше, жасанды интеллект нормативтік құқықтық актілерді талдап, онда көзделген нақты міндеттемелерді анықтайды. Яғни талаптың кімге қатысты екені, қандай әрекетті орындау қажет екені, оны қандай мерзімде жүзеге асыру керектігі, орындалғанын қалай растауға болатыны, бақылауды қай мемлекеттік орган жүзеге асыратыны және талап бұзылған жағдайда қандай жауапкершілік көзделгені айқындалады.

Сонымен бірге түпкілікті шешім қабылдау құқығы адамға тиесілі болып қалады. Жүйе анықтаған әрбір талапты уәкілетті мемлекеттік орган тексеріп, растауы, түзетуі немесе қабылдамауы тиіс. Жүйеде жасалған барлық әрекет пен енгізілген өзгеріс тіркеліп отырады.

«Қажетті ақпаратты алу үшін кәсіпкерге ЭҚЖЖ бойынша қызмет түрін таңдап, БСН-ін, саласын немесе тиісті бағытты көрсету және бірнеше сұраққа жауап беру жеткілікті. Жүйе міндетті талаптар мен қажетті рұқсаттар тізімін, сондай-ақ eGov.kz және eLicense.kz платформаларына сілтемелерді қамтитын жеке бейін қалыптастырады. Осы бейін негізінде PDF форматындағы анықтамалық қорытынды алуға болады. Тілдік модель бұл құжатты тек бейінге енгізілген және расталған нормалар негізінде қалыптастырады және қосымша болжам жасамайды. Құжат ақпараттық сипатта болады», – деп түсіндірді Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметі.

Тізілімнің тағы бір маңызды қызметі – заңнамадағы өзгерістерді бақылау. Нормативтік құқықтық акт жаңартылған кезде жүйе оның жаңа нұсқасын бұрынғы редакциясымен салыстырып, қандай талаптардың енгізілгенін, өзгергенін немесе күшін жойғанын көрсетеді. Осылайша заңнамаға енгізілген өзгерістердің толық тарихы жүйеде сақталады.

Мемлекет үшін бұл тізілім бірін-бірі қайталайтын, өзара қайшы келетін және артық талаптарды анықтауға мүмкіндік беретін құрал болмақ. Талдау барысында қазақ және орыс тілдеріндегі нормалар, сандық көрсеткіштер, кәсіпкерлердің санаттары мен құжаттардың заңдық күші ескеріледі. Егер жүйе талаптар арасында ықтимал қайшылықты анықтаса, тиісті норманы қайта қарау ұсынылады. Бұл жағдайда да соңғы шешімді жауапты мемлекеттік орган қабылдайды.

Бұдан бөлек, жасанды интеллект нормативтік құқықтық актілерді қайта қарау мерзімдерін бақылап, тиісті мерзім жақындаған кезде мемлекеттік органдарға алдын ала ескерту жібереді. Алдағы уақытта міндетті талаптар тізілімін басқа мемлекеттік ақпараттық жүйелермен және цифрлық сервистермен ықпалдастыру жоспарланып отыр.

Қосымша материалдар мен сараптамалық шолуларды біздің Telegram арнамыздан оқуға болады.