Австралия билігі әлеуметтік желі платформаларын пайдаланушыларға жарияланымдарды іріктейтін ұсыным алгоритмдерін толықтай өшіру мүмкіндігін беруге міндеттейтін заң жобасын әзірлеп жатыр. Жаңа талаптар азаматтарды зиянды мазмұнның ықпалынан қорғап, жаңалықтар таспасын басқаруды аккаунт иелерінің өзіне беруді көздейді. Бұл туралы The Guardian хабарлады.
Үкіметтің «Менің таспам, менің таңдауым» деп аталатын бастамасы аясында он алты жастан асқан пайдаланушылар арнайы қалқымалы хабарлама арқылы жарияланымдарды алгоритм көмегімен іріктеуден бас тарта алады. Бұл мүмкіндік таңдалған жағдайда таспаға тек пайдаланушы өзі жазылған авторлар мен қауымдастықтардың жарияланымдары шығады. Белгіленген талаптарды орындамаған цифрлық платформалардың иелеріне 100 млн австралия долларынан асатын айыппұл салынуы мүмкін.
Жаңа нормалар кәмелетке толмағандардың цифрлық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге де қатаң талаптар қояды. Онлайн ойындар, мобильді қосымшалар және жасанды интеллект негізіндегі чат-боттар балаларды порнографиялық материалдардан, өмірге қауіп төндіретін әрекеттерді көрсететін бейнематериалдардан, тамақтану тәртібінің бұзылуына қатысты мазмұннан, сондай-ақ кибербуллинг пен зорлық-зомбылықты насихаттайтын материалдардан қорғауға міндеттеледі. Ұлттық реттеуші қауіпті мазмұнды дереу жою туралы нұсқама беруге кеңейтілген өкілеттік алады. Ал технологиялық компаниялар балаларды қорғау үшін қабылдаған барлық шараларын құжат жүзінде тіркеуге тиіс.
Австралия үкіметінің басшысы ауқымды реформаның негізгі ережелерін Нью-Йоркте өтетін БҰҰ Бас Ассамблеясының отырысында таныстырмақ. Сонымен қатар билік халықаралық корпорациялар басшылығы тарапынан қысым жасалуы мүмкін деген алаңдаушылықты жоққа шығарып отыр.
«Әңгіме бақылауды үкіметке беру туралы емес, бақылауды адамдардың өзіне қайтару туралы болып отыр», – деді Австралия премьер-министрі Энтони Албанезе.
«Әрине, бұған қарсылық білдіретіндер болады. Өйткені бұл бастаманың мәні күштердің арақатынасын өзгертуге байланысты. Біз жаһандық технологиялық алпауыттардың ықпалын азайтып, оны қарапайым австралиялықтарға қайтарып жатырмыз. Бұл — толықтай дұрыс қадам», – деп қосты премьер-министр.
Салаға жауапты мемлекеттік орган өкілдері аудиторияға ұзақ уақыт бойы бақылаусыз жүргізілген тәжірибелер кезеңі аяқталуға жақын екенін атап өтті.
«Технологиялық алпауыттар үшін жаһандық жауапкершілік кезеңі басталды. Оның алғашқы қадамы дәл осы Австралияда әлеуметтік желілерді пайдаланудың ең төменгі жас шегіне қатысты озық заңнаманың қабылдануынан басталды», — деді байланыс министрі Аника Уэллс.
Заң жобасын парламент қарауына Рождество мерекесіне дейін ұсыну жоспарланып отыр. Алайда оны қабылдау барысында қызу пікірталастар болуы мүмкін. Биліктегі Лейбористік партия «Жасылдар» партиясының қолдауына үміт артып отыр. Ал оңшыл оппозиция өкілдері интернет кеңістігіне цензура енгізу қаупіне алаңдайды. Өз кезегінде «Жасылдар» партиясы одан да қатаң шаралар қабылдауды талап етіп отыр. Олар айыппұл мөлшерін корпорациялардың әлемдік қаржы айналымына байланыстыруды ұсынады. Партия өкілдері алгоритмдерден өз еркімен бас тарту тетігін жеткіліксіз деп санайды.
«Ерікті түрде бас тарту қолайсыз. Бұл технологиялық корпорациялардың айла-шарғы жасауына жол ашуы мүмкін. Қолында орасан қаржысы бар компаниялар талаптарды айналып өтудің кез келген амалын іздейді. Сондықтан заңнаманы күшейтіп, оны шын мәнінде сенімді ету қажет», – деді «Жасылдар» партиясының өкілі Сара Хэнсон-Янг.
Оппозиция үкіметті интернет кеңістігін бақылауға емес, елдегі экономикалық мәселелерді шешуге басымдық беруге шақырды.
«Үкімет алгоритмдерді басқаруға тырысқаннан гөрі, бағаның қымбаттауы, салықтардың шамадан тыс жоғары болуы және көші-қон ағынының артуы сияқты мәселелерді шешуге көңіл бөлуі керек», – деп атап өтті Ұлттық партияның жетекшісі Мэтт Канаван.
Жетекші IT корпорацияларының мүддесін қорғайтын DIGI лоббистік тобы ұсыным жүйелерін қорғап, олардың пайдаланушыларға түрлі мазмұнды іздеп табуға көмектесетінін атап өтті. Сонымен бірге ұйым цифрлық қауіпсіздік талаптарын күшейту мәселесін талқылауға қатысуға дайын екенін білдірді. Қоғамдық ұйымдар да үкімет бастамасын қолдады. Олардың пікірінше, әлеуметтік желілер азаматтардың басым бөлігі үшін ақпарат алудың негізгі көзіне айналғандықтан, жаңалықтар таспасының қалай қалыптасатыны туралы түсінікті әрі ашық ақпарат алу пайдаланушылардың негізгі құқықтарының бірі болуы тиіс.












