Home Технологиялар Ғаламтор және желі Sony мен Warner Music Anthropic-ті ән мәтіндерін заңсыз пайдаланғаны үшін сотқа берді

Sony мен Warner Music Anthropic-ті ән мәтіндерін заңсыз пайдаланғаны үшін сотқа берді

16

Sony мен Warner Music компаниялары Anthropic-ке қарсы Калифорнияның федералдық сотына талап арыз түсірді. Компаниялар Anthropic-тің Claude жасанды интеллект модельдерін үйрету кезінде авторлық құқықпен қорғалған музыкалық шығармаларды заңсыз пайдаланғанын алға тартып отыр.

Жұма күні берілген талап арызда Anthropic компаниясы Claude жүйесін адам сұрауларына жауап беруге үйрету барысында The Beatles, Taylor Swift, Michael Jackson және басқа да жүздеген орындаушының ән мәтіндері мен ноталық жазбаларын заңсыз пайдаланғаны айтылған.

Бұл талап арыз авторлық құқық иелерінің технологиялық компанияларға қарсы соңғы уақытта жиілеген сот дауларының біріне айналды. Авторлар, баспагерлер, музыкалық лейблдер мен ақпарат агенттіктері өз еңбектерінің жасанды интеллект жүйелерін оқытуға пайдаланылуына байланысты бірқатар технологиялық компанияны сотқа беріп келеді. 2023 жылы және биыл да Anthropic компаниясына авторлық құқықпен қорғалған ән мәтіндерін жасанды интеллектіні үйрету үшін пайдаланды деген айып тағылып, сот ісі қозғалған болатын. Бұл даулардың бірқатары әлі де қаралып жатыр.

Өткен жылы Anthropic жасанды интеллект әзірлейтін компаниялардың арасында авторлар тобы берген ұжымдық талап арызға байланысты дауды бірінші болып бітіммен аяқтады. Компания істі тоқтату үшін 1,5 миллиард доллар төлеуге келіскен.

Sony мен Warner өз талап арызында Anthropic бұл әрекетті бизнес жүргізуге байланысты қалыпты шығын ретінде қабылдайтынын мәлімдеді. Олардың айтуынша, компанияның бүкіл бизнес үлгісі әлі де авторлық құқықты бұзуға негізделген. Музыкалық компаниялар Anthropic-тің жаппай құқық бұзушылықтары компанияның нарықтық бағасын 2 триллион долларға дейін жеткізгенін айтып, бұған дейін төленген 1,5 миллиард доллардың мұндай әрекеттерді тоқтатуға жеткіліксіз екенін алға тартқан.

Anthropic өкілі дүйсенбі күні бұл талап арызға қатысты түсініктеме беріп, мұны сол заңгерлердің атынан берілген үшінші талап арыз екенін және онда сотта қаралып жатқан бұрынғы істердегі айыптаулар қайталанатынын айтты. Компания өкілі Anthropic өз ұстанымын сотта табанды түрде қорғайтынын мәлімдеді. Оның айтуынша, жасанды интеллектіні оқыту авторлық құқықпен қорғалған материалдарды адал пайдалану қағидатына сәйкес жүзеге асады. Өкіл бұл ұстанымды компанияға қарсы авторлар ісін қараған судьяның пікіріне сүйеніп түсіндірді.

Sony Music пен Warner Music өкілдері және олардың адвокаттары дүйсенбі күні бұл іс бойынша түсініктеме беру туралы Reuters агенттігінің сауалына бірден жауап бермеді.

Талап арызда Anthropic компаниясы Claude жүйесін оқыту үшін баспагерлерге тиесілі ән мәтіндері мен ноталарды торрент қызметтері арқылы заңсыз алғаны айтылған. Сондай-ақ талапкерлердің мәлімдеуінше, Claude пайдаланушының сұрауы бойынша авторлық құқықпен қорғалған ән мәтіндерін түпнұсқадағы қалпында сөзбе-сөз шығара алады.

Sony мен Warner бұдан бөлек Anthropic өздеріне тиесілі ән мәтіндерін Claude жүйесін жасанды интеллект көмегімен жасалған, жаңа деп ұсынылатын өте көп мөлшердегі ән мәтіндерін құрастыруға үйрету үшін пайдаланғанын мәлімдеді. Компаниялардың пікірінше, мұндай туындылар музыкалық баспагерлердің авторлық құқықпен қорғалған заңды шығармаларымен бәсекеге түсіп, олардың нарықтағы орнын басатын зиянды баламаға айналады.

Дыбыс жазу компаниялары әрбір бұзылған авторлық құқық бойынша 150 мың долларға дейін өтемақы төлеуді, сондай-ақ Anthropic компаниясының өз шығармаларын пайдалануына сот арқылы тыйым салуды талап етіп отыр.

Дереккөз: Reuters

Қосымша материалдар мен сараптамалық шолуларды біздің Telegram арнамыздан оқуға болады.