Home Робот пен дрондар,ЖИ Tesla Cybercab роботаксилерін спутниктік интернетке қосты

Tesla Cybercab роботаксилерін спутниктік интернетке қосты

11

Tesla компаниясы роботакси қызметінде пайдалануды жоспарлап отырған жүргізушісіз Cybercab көліктерінің бәріне Starlink байланыс жүйесін орнатты.

Tesla Robotaxi-дің ресми парақшасында жарияланған фотосуреттерден Starlink антеннасының көлік төбесінің артқы бөлігіне, артқы шамдардың үстіне орналастырылғанын көруге болады. Антенна сыртқы көріністі бұзбайтындай әрі сыртқы әсерден қорғайтындай етіп тікбұрышты панельдің астына жасырылған. Бұған дейін Tesla Starlink жүйесін Сан-Хоседегі көрме залында да көліктеріне енгізу жоспарын көрсеткен болатын.

Руль мен педальдары жоқ Cybercab үшін тұрақты интернет байланысы аса маңызды. Әсіресе ұялы байланыс әлсіз немесе мүлде қолжетімсіз жерлерде бұл жүйе көліктің үздіксіз жұмыс істеуіне қажет. V5 табақшасы бар Starlink секундына 375 мегабитке дейін дерек тарата алады. Бұл мүмкіндік навигацияны үздіксіз жүргізуге, көліктер паркін басқаруға және жолаушыларға қызмет көрсетуге көмектеседі.

Илон Маск жүйенің ойын-сауық мүмкіндіктерін де атап өтті. Оның айтуынша, жолаушылар сапар кезінде 4K сапасындағы бейнежазбаларды интернет арқылы тамашалай алады. Ал болашақта Маск Starlink жүйесін Tesla-ның барлық көлігіне енгізуді жоспарлап отыр. Ол мұны миллиардтаған көлікті жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етудің жалғыз жолы деп атады. Алайда бұл мәлімдеме спутниктік интернетке де, әзірге әзірленіп жатқан Starlink ұялы байланыс қызметіне де қатысты болуы мүмкін.

Дереккөз – TechSpot.