Тайвань президенті Лай Циндэ 2027 жылы елдің әр тұрғынына 10 мың тайвань долларынан төлеуді ұсынды. Бұл қазіргі айырбас бағамымен шамамен 150 мың теңгеге тең. Қаражат экономиканың рекордтық өсімі аясында бөлінбек. Бұл өсімге жартылай өткізгіштер өндірісі, жасанды интеллект және оған байланысты әлемдік сұраныс елеулі үлес қосып отыр, деп жазады Digital Business.
Әзірге бұл төлем 2027 жылға ұсынылған бюджет жобасының бір бөлігі ғана. Яғни сөз қазірдің өзінде берілген ақша туралы емес, алдағы уақытта жүзеге асырылуы мүмкін шара жөнінде болып отыр.
Үкімет төлемді қаржыландыруға 235,7 млрд тайвань долларын бөлуді ұсынып отыр. Сонымен бірге билік бюджет тапшылықсыз орындалып, мемлекеттік таза қарыз көлемі артпауы керек екенін мәлімдеді.
Мұндай мүмкіндікке ең алдымен Тайвань экономикасының күрт жеделдеуі себеп болып отыр.
Президент әкімшілігінің мәліметінше, ел экономикасы 2026 жылдың бірінші тоқсанында 15,43 пайызға, екінші тоқсанында 12,93 пайызға өскен. Бірінші жартыжылдықтағы өсім 14,15 пайызға жетті. Ал 2026 жылға арналған жалпы экономикалық өсім болжамы 11,05 пайызға дейін көтерілді. Бұл соңғы төрт онжылдыққа жуық уақыттағы ең жоғары көрсеткіш болуы мүмкін.
Билік экономикалық өсімнің едәуір бөлігін жасанды интеллектке, жоғары өнімді есептеу жүйелеріне және бұлттық қызметтерге деген әлемдік сұраныспен байланыстырады. Тайвань жартылай өткізгіштер өндірісіндегі, ақпараттық-коммуникациялық технологиялардағы және жаһандық жеткізу тізбектеріндегі бұрыннан қалыптасқан артықшылықтарын тиімді пайдаланып отыр.
Сондықтан Лай алдағы төлемді өзінше жасанды интеллекттен түсетін дивиденд деп сипаттайды.
Президент экономикалық өсімді тек технологиялық компаниялар емес, қызмет көрсету саласының, дәстүрлі өндірістің және шағын бизнестің қызметкерлері де қалыптастыратынын атап өтті. Сол себепті экономикалық өсімнің нәтижесін барлық отбасы сезінуі керек екенін айтты.
Лайдың сөзінше, әр адам немесе отбасы берілген қаражатты өз қажетіне қарай жұмсай алады.
Билік бірнеше бағытты ұсынады. Қаражатты балалардың білім алуына жұмсауға, қарт туыстардың шығынын өтеуге, отбасының қаржылық жүктемесін азайтуға немесе тауарлар мен қызметтерге жұмсап, жергілікті бизнесті қолдауға болады.
Осылайша мемлекет экономикалық өсімнің бір бөлігін халықпен бөлісіп қана қоймай, ел ішіндегі тұтыну белсенділігін де арттыруды көздеп отыр.
Бұл Тайвань тұрғындарына осындай төлемнің алғаш берілуі емес. Ел билігі бұған дейін де осы тетікті қолданған. Өткен жылы экономика қарқынды өскеннен кейін билік тұрғындардың әрқайсысына 10 мың тайвань долларынан бөлген.
Енді Лай әкімшілігі экономикалық өсім одан да жоғары деңгейге жеткен кезеңде бұл төлемді 2027 жылы қайталауды ұсынып отыр. Сонымен қатар ұсыныс саяси пікірталастың бір бөлігіне айналды. Оппозиция 2026 жылғы қарашада өтетін аралық сайлауға дайындық жүріп жатқан тұста тұрғындарға тағы бір рет төлем жасауды талап етіп отыр.
Тайвань жасанды интеллектінің өсімін қарапайым отбасылардың табысына айналдырмақ
Лай үкіметтің жасанды интеллект пен технологиялық секторға инвестиция салуды жалғастыратынын да мәлімдеді. 2027 жылғы бюджет жобасында «Жасанды интеллект саласындағы жаңа он ірі жоба» бағдарламасына 406 млрд тайвань доллары қарастырылған. Ал технологиялық бағдарламаларға жұмсалатын жалпы шығын 2,292 трлн тайвань долларына жетіп, биылғы көрсеткіштен 12,7 пайызға артады.
Алия Рахимова
Қосымша материалдар мен сараптамалық шолуларды біздің Telegram арнамыздан оқуға болады.












