Home Технологиялар Ғаламтор және желі QyzPU студенттері педагогтерге арналған AI-Lesson Study жасанды интеллект платформасын әзірледі

QyzPU студенттері педагогтерге арналған AI-Lesson Study жасанды интеллект платформасын әзірледі

15

AI-Sana бағдарламасы аясында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің студенттері педагогтердің кәсіби қызметін қолдауға арналған AI-Lesson Study жасанды интеллект платформасын әзірледі.

Жоба Digital Lady технопаркі базасында жүзеге асырылды. Платформаны әзірлеуге инженер-бағдарламашы Рамазан Байсұлтан мен Lesson Study зерттеуінің жетекшісі Ләззат Рсалина ғылыми-әдістемелік тұрғыдан жетекшілік етті.

Жоба авторларының айтуынша, платформаның негізіне Lesson Study педагогикалық тәсілі алынған. XIX ғасырда Жапонияда қалыптасқан бұл әдіс бүгінде АҚШ, Сингапур, Ұлыбритания және басқа да елдердің білім беру жүйесінде кеңінен қолданылады. Қазақстанда Lesson Study әдістемесі 2012 жылдан бері қолданылып келеді. Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті бұл тәсілді жоғары білім беру жүйесіне жүйелі түрде енгізген еліміздегі алғашқы жоғары оқу орындарының бірі саналады. Әдістің негізгі мақсаты бірлесіп сабақ жоспарлау, оқу үдерісін бақылау және оның нәтижелерін талдау арқылы білім сапасын арттыруға бағытталған.

Әзірленген AI-Lesson Study платформасы Lesson Study әдістемесін қолданатын болашақ педагогтердің, соның ішінде студенттердің зерттеу жұмыстарын жеңілдетуге арналған. Жүйе сабақ жоспарлаудан, білім алушыларды бақылаудан бастап, зерттеу нәтижелерін талдау мен рефлексия жүргізуге дейінгі негізгі кезеңдерді цифрландыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар платформа жасанды интеллект технологиялары негізінде әдістемелік ұсынымдар ұсынады.

Платформада зерттеушінің жеке кабинеті, жасанды интеллект құралдары, әдістемелік материалдар қоры және зерттеу мәселелерін талқылауға арналған форум қарастырылған.

Жоба бойынша жұмыс істеу студенттерге цифрлық білім беру өнімін әзірлеу барысында жасанды интеллект технологияларын іс жүзінде қолдану тәжірибесін жинақтауға мүмкіндік берді. Алдағы уақытта платформаның мүмкіндіктерін кеңейтіп, оны білім беру ұйымдарында сынақтан өткізу және мектеп педагогтерінің күнделікті кәсіби қызметіне енгізу жоспарланып отыр.

Жобаға педагогика, ғылым және цифрлық технологияларды тоғыстыратын инновациялық алаң ретінде жұмыс істейтін Digital Lady технопаркі қолдау көрсетті. Технопарк базасында Apple Class, 3D Lab және атом және ядролық физика зертханасы сияқты заманауи зертханалар жұмыс істейді. Мұнда қалыптастырылған инфрақұрылым студенттерге жасанды интеллект негізіндегі шешімдерді әзірлеуге және оларды білім беру үдерісіне бейімдеуге кең мүмкіндік береді.

Қосымша материалдар мен сараптамалық шолуларды біздің Telegram арнамыздан оқуға болады.