Home Сараптама Қазақстан мен Өзбекстан деректер орталықтарын дамыту бәсекесіне кірісті

Қазақстан мен Өзбекстан деректер орталықтарын дамыту бәсекесіне кірісті

12

Орталық Азияда цифрлық хаб мәртебесіне ие болу бәсекесі күшейіп келеді. Өзбекстан мен Қазақстан жасанды интеллектіні дамытуға қажетті инфрақұрылымды жедел қалыптастырып, есептеу қуатын жаңа экспорттық бағытқа айналдыруға ұмтылуда. Алайда екі елдің көздеген мақсаты бір болғанымен, оған жету жолы әртүрлі. Қазақстан ірі электр станцияларынан өндірілетін арзан электр энергиясы арқылы инвестор тартуға басымдық берсе, Өзбекстан көміртек ізін азайтуға, жаңартылатын энергия көздерін дамытуға және ішкі нарықтың әлеуетін пайдалануға сүйеніп отыр.

Өзбекстан болашақ цифрлық экономиканың негізін қазірден қалыптастырып жатыр. Бұл бағыттағы алғашқы ірі жобалардың бірі Ташкенттегі IT Park аумағында саудиялық DataVolt компаниясы салып жатқан TAS-1 деректер орталығы болмақ. Құрылысы 2024 жылғы мамырда басталған нысанды 2026 жылдың соңында іске қосу жоспарланған. Деректер орталығының жалпы қуаты 12 МВт болады. Оның 10 МВт-ы тікелей серверлік жабдықтардың жұмысына жұмсалады.

TAS-1 жобасын жүзеге асыру үшін DataVolt халықаралық қаржы институттарынан тұратын консорциумнан 150 млн долларға дейін жобалық қаржыландыру тартты. Оның құрамында Еуропалық қайта құру және даму банкі де бар. Деректер орталығы жасанды интеллект жүйелерін орналастыруға бейімделген нысан ретінде жобаланған. Электр энергиясының басым бөлігі жаңартылатын энергия көздерінен алынуы көзделіп отыр. Сонымен қатар электрмен жабдықтаудың тұрақтылығын арттыру үшін энергия жинақтау жүйесі қарастырылған.

TAS-1 ауқымды бағдарламаның алғашқы кезеңі ғана болмақ. DataVolt Өзбекстан билігімен бірлесіп, 2032 жылға дейін жалпы қуаты 500 МВт-қа дейін жететін бірнеше деректер орталығын салуды жоспарлап отыр. Жобаларға шамамен 3 млрд доллар инвестиция салынбақ. Бұл бастамалар Өзбекстанның жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі мемлекеттік стратегиясымен тығыз байланысты. Стратегияға сәйкес, 2030 жылға қарай жасанды интеллект негізіндегі бағдарламалық өнімдер мен қызметтердің көлемін 1,5 млрд долларға жеткізу көзделген.

Қазақстанда бұдан да ауқымды жоба жүзеге асырылып жатыр. Data Center Valley кластері өңірдегі ең ірі көмір электр станцияларының бірі саналатын Екібастұз ГРЭС-1 маңында салынуда. Мұнда бастапқыда қуаты 300 МВт болатын инфрақұрылым құрылып, кейін оны 1 ГВт-қа дейін ұлғайту мүмкіндігі қарастырылған. Жобаға 1,5 мың гектарға дейінгі аумақ бөлінбек. Сонымен бірге 15 шақырым электр беру желісін және жаңа қосалқы станцияларды салу жоспарланған. Кластердің алғашқы кезеңін, яғни 125 МВт қуатты 2027 жылы іске қосу көзделсе, нысанды толық дамыту 2033 жылға дейін жалғасады.

2026 жылғы маусымда Қазақстан үкіметі, америкалық Firebird компаниясы және Nvidia жалпы құны 10 млрд доллар болатын бірқатар келісімді жариялады. Data Center Valley аумағында шамамен 100 мың графикалық процессордан тұратын есептеу кластерін орналастыру жоспарланған. Оның құрамында Nvidia GB300 және алдағы уақытта шығарылатын Vera Rubin чиптері де болады. Қазақстан билігі кешен толық қуатына шыққаннан кейін жыл сайын кемінде 3 млрд доллар экспорттық табыс түседі деп болжап отыр.

Nikkei Asia сарапшыларының пікірінше, Қазақстанның басты артықшылығы – энергетикалық әлеуеті. 2025 жылдың басындағы мәлімет бойынша, Қазақстандағы электр станцияларының белгіленген қуаты шамамен 25,3 ГВт болса, Өзбекстанда бұл көрсеткіш 21,3 ГВт болған. Қазақстанда 117,2 млрд кВт·сағ электр энергиясы өндірілсе, Өзбекстанда бұл көлем шамамен 81,5 млрд кВт·сағ құрады. Сонымен қатар Қазақстандағы электр энергиясының 63 пайыздан астамы көмірден өндірілген. Өзбекстан болса электр энергиясының төрттен үшіне жуығын табиғи газ арқылы өндіреді.

Екібастұздың ірі деректер орталықтары үшін тартымдылығы бірнеше факторға байланысты. Мұнда тәулік бойы салыстырмалы түрде арзан көмір электр энергиясына қолжетімділік бар, өнеркәсіптік инфрақұрылым дамыған және салқын климат салқындату шығынын азайтуға мүмкіндік береді. Қазақстан жергілікті көмір ресурсын экспортқа бағытталған есептеу қызметіне айналдыруға ұмтылып отыр. Алайда көмір энергетикасының көміртек ізі халықаралық экологиялық талаптарды ұстанатын компаниялар үшін елеулі кемшілік саналады. Бұл арзан тарифтердің артықшылығын әлсіретеді. Бұған қоса, ескірген электр станцияларын жаңғырту қажет, ал олардың төмен құнының бір бөлігі жабдықтардың тозуымен байланысты.

Өзбекстан инвесторларға басқа жолды ұсынып отыр. Елдегі газ негізіндегі электр өндірудің көмір энергетикасына қарағанда көміртек ізі төмен, сонымен қатар жаңартылатын энергия көздері де белсенді дамып келеді. 2030 жылға қарай Өзбекстан жаңартылатын энергия көздерінің үлесін 40 пайызға, ал төмен көміртекті энергия өндірудің жалпы үлесін 54 пайызға жеткізуді жоспарлап отыр. Елдің тағы бір маңызды артықшылығы – ішкі нарығының ауқымы. Жаңа есептеу қуаттарын тек экспорттық қызмет көрсетуге ғана емес, банк секторынан бастап өзбек тіліндегі тілдік модельдерді әзірлеуге дейінгі жергілікті цифрлық қызметтерді дамытуға да пайдалануға болады.

Алайда дәл энергетика екі елдің де цифрлық даму жөніндегі ауқымды жоспарларын шектейтін негізгі факторға айналуы мүмкін. Қуаты 500 МВт болатын деректер орталығы үздіксіз жұмыс істеген жағдайда жылына 4,38 млрд кВт·сағ-қа дейін электр энергиясын тұтына алады. Бұл Өзбекстанның қазіргі жылдық электр өндіру көлемінің 5 пайызынан астамына тең. Ал қуаты 1 ГВт болатын Қазақстандағы кластерге жылына 8,76 млрд кВт·сағ-қа дейін электр энергиясы қажет болуы мүмкін. Бұл елдегі қазіргі электр өндіру көлемінің шамамен 7,5 пайызы.

Өзбекстандағы жағдайды елдің газ өндіру көлемінің төмендеуі күрделендіріп отыр. Республика Қазақстан арқылы Ресейден келетін газ импортын ұлғайтып, 2025 жылы оның көлемін 6,5 млрд текше метрге жеткізді. Бұл жеткізілімдер халық пен өнеркәсіптің қажеттілігін қамтамасыз етуге, ірі деректер орталықтарының дамуын қолдауға және жасыл энергия экспортын қамтамасыз етуге қатар бағытталмақ. Алайда жаңартылатын энергия көздерінен өндірілетін электр қуаты өсіп келе жатқан сұранысты толық өтей алмаса, деректер орталықтарын тек осы энергия көздерімен қамтамасыз ету мәселені шешпейді. Мұндай жағдайда энергетикалық жүйе газ арқылы электр өндіруді ұлғайтуға немесе электр энергиясын импорттауға мәжбүр болады.

Қазақстан мен Өзбекстанның деректер орталықтарын дамыту жөніндегі жоспарларының табысты болуы меморандумдарға немесе Nvidia чиптеріне қолжетімділікке ғана байланысты емес. Негізгі мәселе – арзан әрі үздіксіз электр энергиясын, резервтік қуаттарды және халықаралық байланыс арналарының тұрақты жұмысын қамтамасыз ету мүмкіндігі.

«Бұл жоспарларда өңірдегі жоғары технологиялық инфрақұрылымның барлық құрамдасын орналастырудың табыстылығына ғана емес, жалпы мұндай жобаларды дамытудың қаншалықты орынды екеніне елеулі ықпал етуі мүмкін өзге де факторлар қаншалықты ескерілгені әзірге анық емес», – деді «Независимая газета» басылымына Орталық Азия бойынша БҰҰ бағдарламаларының бірінің үйлестірушісі, саясаттанушы Дерья Караев.

Ол Орталық Азия климаттың өзгеруіне байланысты температура өсімі ең жоғары болатын қуаң аймақтардың қатарына жататынын, ал болжамдардың барлығы алдағы уақытта да бұл өсім сақталатынын көрсететінін еске салды. «Жобаларды әзірлеушілер инфрақұрылымды салқындатуға жұмсалатын энергетикалық және қаржылық шығындарды есепке алды ма, оны айту қиын. Ал жасанды интеллект жүйелерін әзірлейтін жетекші компаниялар деректер орталықтарын орналастырудың түрлі тәсілдерін қарастырып жатыр. Бірі оларды Айда немесе ғарышта, енді бірі су астында орналастыруды жоспарлайды. Мұндай шешімдер энергия мен қаржының едәуір бөлігін дәл салқындатуға жұмсалатын шығыннан үнемдеуге мүмкіндік беретінін олар түсінеді», – деп атап өтті саясаттанушы.

Караев өңірдегі қазіргі энергия тапшылығы, соның ішінде Ресейден газ сатып алудың артуы және Еуропаға жасыл электр энергиясын жеткізу жоспарлары Қазақстан мен Өзбекстан билігі мәлімдеген ауқымда жасанды интеллектіні дамытудың қаншалықты шынайы екенін нақты бағалауға мүмкіндік бермейтінін айтты. Әсіресе бұл мәселе халық санының өсуі мен өнеркәсіптің даму қарқыны аясында өзекті болып отыр.

«Өңірде энергияның кемінде тағы екі көзі бар. Оның бірі – Рогун су электр станциясы. Одан электр энергиясын сатып алуға қатысты коммерциялық келісімдер де жасалған. Алайда станция құрылысы қаржыландыру тапшылығымен ғана емес, климаттың жылынуына байланысты туындайтын мәселелермен және соның салдарынан күшейетін су тапшылығымен де бетпе-бет келеді. Бұдан бөлек, Түрікменстанда табиғи газдың мол қоры бар. Теориялық тұрғыдан бұл ресурс бүкіл өңірде жасанды интеллектіні дамыту үшін тұрақты энергетикалық база бола алар еді. Алайда Түрікменстанның газ саласын дамыту тұжырымдамасында өңірлік ынтымақтастық қарастырылмаған. Түрікменстан билігі саяси мақсатқа негізделген құрлықаралық газ құбырлары жобаларына басымдық береді», – деді Караев.

Оның айтуынша, энергетикалық теңгерімге қатысты тағы бір маңызды мәселе – трансұлттық шикізат корпорацияларының энергия үшін бәсекеге түсуі. Олар тасымалдау шығынын азайту үшін маңызды минералдарды сол жерде өндіріп, байытады. Алайда өңірде қайта өңдеу қалдықтары мен энергия өндіруден туындайтын шығарындылар қалып қояды. Бұл өз кезегінде климаттың өзгеру үдерісін күшейтеді.

«Даму стратегияларының барлығын қарастырғанда, климаттың өзгеруіне байланысты электр энергиясына түсетін қосымша жүктеме мен қаржылық шығындардың және олардың ел халқының мүддесіне ықпалының қаншалықты ескерілгені түсініксіз. Климаттың өзгеруіне бейімделуге жұмсалатын тікелей және жанама шығын көлемі алдағы уақытта арта береді. Әзірге мәселені жан-жақты әрі жүйелі талдаған тәсіл байқалмайды», – деп түйіндеді Караев.

Виктория Панфилова

Дереккөз – «Независимая газета» басылымы