Home Кәсіби маман Әуезов университеті білім мен басқаруға жасанды интеллект шешімдерін енгізіп жатыр

Әуезов университеті білім мен басқаруға жасанды интеллект шешімдерін енгізіп жатыр

9

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде жасанды интеллект саласындағы барлық жобаны біртұтас экожүйеге біріктіріп, оларды жүйелі түрде дамытуға бағытталған Auezov AI First бірыңғай бастамасы жүзеге асырылуда.

Жоба аясында жасанды интеллект технологияларын университеттің білім беру, ғылыми-зерттеу және басқару қызметіне кеңінен енгізу көзделген. Қазіргі уақытта экожүйе шеңберінде бірқатар цифрлық шешім іске қосылды. Олардың қатарында университет қызметі туралы жедел ақпарат ұсынатын Auezov Official AI Bot, студенттер мен талапкерлерге ақпараттық қолдау көрсететін чат-бот, құжат айналымын цифрландыруға және басқару үдерістерін автоматтандыруға мүмкіндік беретін Auezov Document жүйесі, университеттің әлеуметтік желілерін тиімді басқаруға арналған Auezov KazSMM платформасы, сондай-ақ студенттердің сабаққа қатысуын автоматты түрде есепке алатын цифрлық сервис бар.

Университетте студенттердің жасанды интеллект саласындағы білімін тереңдетіп, заманауи жасанды интеллект технологияларымен жұмыс істеудің практикалық дағдыларын дамытуға бағытталған AI-Sana бағдарламасы да сәтті жүзеге асырылып келеді. Бағдарламаның алғашқы кезеңінде 21 194 білім алушы курсты толық аяқтап, сертификат иеленді. Екінші кезеңге 8 685 студент тіркелді. Стартап-жобаларды әзірлеу кезеңінде 7 792 студент тестілеуден сәтті өтіп, олардың 3 791-і бағдарлама аясында ресми түрде іріктелген 100 мың қатысушының қатарына енді.

Сонымен қатар университет студенттерінің халықаралық білім беру платформаларындағы белсенділігі де артып келеді. Жыл басынан бері Coursera платформасына 1 200 студент тіркеліп, олар жалпы саны 2 031 сертификат алған.

Auezov AI First бастамасы аясында жаңа зияткерлік сервистер мен инновациялық жобаларды іске қосу, сондай-ақ жасанды интеллект технологияларын университеттің білім беру, ғылым және басқару жүйесіне кешенді түрде енгізу жұмыстары кезең-кезеңімен жалғаса береді.

Фото ашық дереккөздерден алынды.

Қосымша материалдар мен сараптамалық шолуларды біздің Telegram арнамыздан оқуға болады.