Қазақстанда Каспий теңізінің түбі арқылы тартылатын Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісін салу жөніндегі стратегиялық инфрақұрылымдық жоба қарқынды жүзеге асырылып жатыр. Жобаны толық пайдалануға беру 2026 жылдың соңына жоспарланған. Қазіргі кезеңде негізгі жұмыстар су айдынындағы кабельді тасымалдау және оны төсеуге дайындау үдерістеріне бағытталған.
Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі жобаны жүзеге асыруға қатысты нормативтік-құқықтық, ұйымдастырушылық және кедендік рәсімдердің жедел шешілуін қамтамасыз етті. Атап айтқанда, Каспий теңізінің түбі арқылы тартылатын суасты талшықты-оптикалық байланыс желісін салу үшін ел аумағынан шығарылатын жабдықтардың тізбесі бекітілді. Бұл шешім қажетті техникалық құралдарды заңнама талаптарына сәйкес кедергісіз шығаруға мүмкіндік беріп, әкімшілік рәсімдердің созылып кетуіне жол бермеді.
Дайындық кезеңінде, яғни 2025 жылы, камералдық зерттеулер мен теңіздегі инженерлік іздестіру жұмыстары толық аяқталды. Зәкір тұрақтары мен әскери оқу-жаттығу аймақтарын айналып өтетін оңтайлы бағыт айқындалды. Сондай-ақ Маңғыстау облысының Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасынан экологиялық рұқсат алынды. Бұдан бөлек, Қытайда ROPA үлгісіндегі оптикалық күшейткіштермен жабдықталған арнайы брондалған кабель дайындалып, зауыттық сынақтан өткізілді. Осы жұмыстар аяқталғаннан кейін жоба теңіздегі негізгі құрылыс кезеңіне өтті.
Қытайдан Құрық портына жеткізілген оптикалық кабель мен жалпы салмағы 600 тоннаны құрайтын үш ірі тасымалдау себеті арнайы логистикалық кемеге тиеліп, Баку қаласына жеткізілді. Қазіргі уақытта тасымалдау себеттеріндегі кабель толықтай кеменің кабель сақтауға арналған арнайы бөлігіне көшірілді. Осыдан кейін кеме Баку портынан шығып, Ақтау бағыты бойынша суасты талшықты-оптикалық байланыс желісін төсеу жұмыстарына кірісті.
Күрделі жобаны жүзеге асыру үшін су сыйымдылығы 20 мың тоннадан асатын, динамикалық орнықтыру жүйесімен жабдықталған заманауи кабель төсеуші кеме тартылған. Кеме құрамында техникалық қадағалау мамандары мен «Қазақтелеком» өкілін қоса алғанда, 70 адам қызмет атқарады. Жоба «Қазақтелеком» АҚ мен «Azertelecom Int.» ЖШҚ бірлесіп құрған CaspiLink B.V. (бұрынғы Caspinet B.V.) кәсіпорны арқылы жүзеге асырылып жатыр. Кеменің палубасында төтенше жағдайлар немесе кабель үзілген жағдайда пайдаланылатын арнайы жалғау модулі орнатылған. Қазіргі уақытта онда Қазақстан және Әзербайжан бағытындағы кабель ұштары орналасқан және олардың барлық талшықтары мен оптикалық арналары сынақтан сәтті өткен.
Ауа райы қолайлы болған жағдайда суасты кабелін төсеу жұмыстары алдағы 15–20 күн ішінде аяқталады деп күтілуде. Ал жобаны толық іске асыруға қажетті технологиялық және іске қосу-баптау жұмыстарының барлығы 2026 жылдың соңына дейін аяқталады деп жоспарланып отыр.
Қосымша материалдар мен сараптамалық шолуларды біздің Telegram арнамыздан оқуға болады.












