Биылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша Қазақстанда төлем карталарының саны шамамен 84 миллионды құрады. Оның 42,3 миллионы белсенді пайдаланылған. Бұл деректер халық арасында қолма-қол ақшасыз есеп айырысу құралдарының кең таралғанын және бір пайдаланушының бірнеше төлем картасын қатар қолдануы қалыпты тәжірибеге айналғанын көрсетеді.
2026 жылдың алғашқы бес айында қазақстандық және шетелдік эмитенттер шығарған төлем карталары арқылы жалпы сомасы 74,7 триллион теңгеге тең 5,8 миллиард транзакция жасалды. Қолма-қол ақшасыз төлемдердің саны 5,7 миллиардқа жетіп, олардың жалпы көлемі 73,5 триллион теңгені құрады. Осы кезеңде Қазақстандағы қолма-қол ақшасыз төлемдердің жартысынан астамы интернет пен мобильді құрылғылар арқылы жүргізілді. Ал мұндай операциялардың жалпы сомасының шамамен 79 пайызы осы арналардың үлесіне тиесілі болды.
Төлем карталары нарығының, әсіресе цифрлық төлем қызметтерінің қарқынды дамуы интернет арқылы сауда жасаудың кеңінен таралуына жол ашты. Сонымен қатар пайдаланушыларды алаяқтық әрекеттерден қорғау мәселесінің өзектілігін бұрынғыдан да күшейтті. Мұны Visa компаниясының Қазақстанда жыл сайын жүргізетін Stay Secure зерттеуінің нәтижелері де растайды. Зерттеу цифрлық сауда, интернет-алаяқтық, тұтынушылардың осы бағыттағы хабардарлығы және онлайн ортадағы іс-әрекеті мәселелеріне арналған.
Зерттеу нәтижесі қазақстандықтардың әлеуметтік желілер арқылы сауда жасауды қалыпты тұтынушылық тәжірибенің бір бөлігіне айналдырғанын көрсетті. Сауалнамаға қатысушылардың 48 пайызы тауарды әлеуметтік желілердегі платформалар арқылы тікелей сатып алған. Соңғы 12 ай ішінде респонденттердің 25 пайызы қаржылық алаяқтыққа тап болғанын айтқан. Алаяқтардың құрбаны болғандардың 32 пайызы оқиғаның әлеуметтік желіде болғанын хабарлаған. Бұл көрсеткіш электрондық сауда сайттары немесе интернет-дүкендердің қосымшалары сияқты өзге платформалардағы осындай жағдайлардың үлесінен жоғары.
Зерттеу цифрлық ортадағы балалардың қауіпсіздігіне қатысты алаңдаушылықтың да артып келе жатқанын көрсетті. Респонденттердің 71 пайызы өз ортасындағы балалардың алаяқтық әрекеттерді ажыратуда қиналатынымен келіскен. Сонымен қатар қатысушылардың 50 пайызы таныс баланың интернеттегі ойындар немесе онлайн сатып алу кезінде алаяқтыққа тап болғанын айтқан. Ал 23 пайызы мұндай жағдай ойын платформаларындағы хабарламалар немесе чаттар арқылы болғанын көрсеткен. Бұған қоса ата-аналардың 20 пайызы балаларының мобильді төлем қосымшаларына немесе электрондық әмияндарға қол жеткізе алатынын мәлімдеген.
Тұтынушылардың пікірі қосымша қорғаныс тетіктеріне сұраныстың жоғары екенін де аңғартады. Сауалнамаға қатысқандардың 33 пайызы интернет арқылы жасалатын сатып алулар кезінде тұтынушылардың қауіпсіздігі үшін негізгі жауапкершілік онлайн маркетплейстерге жүктелуі тиіс деп санайды. Тағы 32 пайызы бұл міндетті интернетте тауарды жарнамалайтын немесе сататын контент авторлары атқаруы қажет деп есептейді. Ал 31 пайызы жауапкершілік банктер мен қаржы ұйымдарына тиесілі болуы керек деген пікір білдірген. Сонымен бірге респонденттердің небәрі 7 пайызы ғана негізгі жауапкершілік пайдаланушылардың өзіне жүктелуі тиіс деп санайды.
Сауалнамаға қатысушылардың 56 пайызы банк немесе төлем қосымшасы күмәнді әрекет туралы жедел хабарлама жіберіп отырса, өздерін әлдеқайда сенімді сезінетінін айтқан. Ал 35 пайызы төлем жасау кезінде жеке басын міндетті түрде растау қауіпсіздік деңгейін арттырады деп есептейді.
Азаматтарды интернет-алаяқтардан қорғау мәселесі бүгінде ерекше маңызға ие. 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында «Алаяқтық» бабы бойынша тіркелген 19,5 мың қылмыстық құқық бұзушылықтың шамамен 57 пайызы интернет-алаяқтыққа қатысты болды. Оның ішінде оқиғалардың 21,2 пайызы фишинг тәсілдерімен жасалса, 19,4 пайызы қызмет көрсету жөніндегі жалған хабарландыруларға, ал 15,5 пайызы маркетплейстер мен өзге де ұқсас платформалардағы онлайн сатып алуларға байланысты тіркелген.
Сонымен қатар бір жылмен салыстырғанда алаяқтық фактілерінің жалпы саны 14,6 пайызға, ал интернет-алаяқтық жағдайлары 10,7 пайызға азайған. Бұл ретте реттеуші органдардың, қаржы ұйымдарының және төлем жүйелерінің қолға алған шаралары нақты нәтиже беріп отырғанын аңғаруға болады.
Қазақстандықтардың тұтынушылық талғамы мен сатып алу мәдениетіне жасанды интеллект технологияларының кеңінен қолданылуы да ықпал ете бастады. Жасанды интеллект мүмкіндіктері кеңейген сайын оны интернет-алаяқтықтан қорғайтын тиімді құрал ретінде қабылдайтындар көбейіп келеді. Сауалнамаға қатысушылардың 66 пайызы жасанды интеллект бүгіннің өзінде алаяқтық әрекеттерді оңайырақ анықтауға көмектеседі деп санайды. Ал 72 пайызы болашақта бұл технология пайдаланушыларды алаяқтық қауіп-қатерден қорғауда шешуші рөл атқаратынына сенімді.
Сонымен қатар жасанды интеллект интернет арқылы сауда жасау үдерісінде де кеңінен қолданылып келеді. Қазақстан тұрғындарының 72 пайызы онлайн сатып алу кезінде жасанды интеллект құралдарының көмегіне жүгінген. Олардың 49 пайызы бағаны салыстыру үшін, тағы 49 пайызы сыйлық таңдауға идея іздеу мақсатында пайдаланса, 42 пайызы тауарлар туралы пікірлер мен рейтингтердің шынайылығын бағалау үшін қолданған.
Бұл технологияларға сұраныстың артуына бірнеше себеп бар. Респонденттердің 93 пайызы жасанды интеллект негізіндегі шешімдерді қоса алғанда, жаңа технологиялар интернет арқылы сауда жасауды жылдам әрі қолайлы етеді деп есептейді. Бұдан бөлек, жасанды интеллект тұтынушылардың жаңа тауарлар мен брендтерді іздеу тәсіліне де әсер ете бастады. Қазақстандағы пайдаланушылардың 27 пайызы интернеттен сауда жасағанда жасанды интеллект құралдарын тұрақты түрде қолданады.
Соған қарамастан, төлем жасау үдерісін толықтай жасанды интеллектке сеніп тапсыру мәселесінде тұтынушылар сақтық танытады. Қазіргі уақытта сауалнамаға қатысқандардың небәрі 14 пайызы ғана төлемді соңына дейін рәсімдеуді жасанды интеллект көмекшілеріне сеніп тапсыруға дайын екенін айтқан. Бұл цифрлық қызметтер барынша автоматтандырылып келе жатқан кезеңде сенім мәселесінің айрықша маңызды екенін көрсетеді.
Осы бағыттағы маңызды бастамалардың бірі – Visa Intelligent Commerce жобасы. Оның мақсаты – карта иесінің бақылауын сақтай отырып, жасанды интеллект көмекшілері пайдаланушының атынан бастайтын төлемдерді қауіпсіз жүзеге асыруға мүмкіндік беретін инфрақұрылымды қалыптастыру. Осы бастама аясында Visa Agentic Ready бағдарламасын іске қосты. Бағдарлама банктер мен төлем жүйесіне қатысушыларға мұндай төлемдерді бақыланатын ортада сынақтан өткізуге және инфрақұрылымды кең көлемде пайдалануға алдын ала дайындауға мүмкіндік береді. Қазақстан Орталық және Шығыс Еуропа, Таяу Шығыс пен Африка елдерін қамтитын CEMEA өңірінде аталған бағдарлама енгізілген алғашқы нарықтардың бірі болды.
Дереккөз: Ranking.kz
Қосымша материалдар мен сараптамалық шолуларды біздің Telegram арнамыздан оқуға болады.












