Home Технологиялар Инновациялар Anthropic Claude жасанды интеллектінің дауыс мүмкіндіктерін кеңейтті

Anthropic Claude жасанды интеллектінің дауыс мүмкіндіктерін кеңейтті

10

Anthropic компаниясы Claude жасанды интеллект көмекшісінің дауыс арқылы жұмыс істеу мүмкіндігін кеңейтіп, оған өнімділігі жоғары Opus және Sonnet тілдік модельдерін қосты. Бұған дейін дауыс режімі негізінен қысқа диалогтар мен қарапайым сауалдарға арналған жеңіл әрі жылдам Haiku моделі арқылы ғана қолжетімді болатын. Осылайша компания OpenAI әзірлеп жатқан ChatGPT платформасының дауыс технологияларымен бәсекелестігін күшейтуге бағытталған кезекті қадамын жасады.

Anthropic өкілдерінің мәліметінше, бастапқыда дауыс режімі күнделікті туындайтын қарапайым сұрақтарға жедел жауап беруге арналған құрал ретінде әзірленген. Алайда тәжірибе барысында пайдаланушылар бұл мүмкіндікті жұмыс міндеттерін талқылауға, идеяларды бірлесіп пысықтауға, таныстырылымдар әзірлеуге және күрделі талдамалық мәселелерді шешуге кеңінен қолдана бастаған. Осындай міндеттерді орындауда Haiku моделінің мүмкіндігі жеткіліксіз екені байқалды.

Енді дауыс режімі Opus және Sonnet модельлерін қолдайды. Бұл модельдер ауқымды есептеу ресурстарын қажет ететін тапсырмаларды орындауға бейімделген. Олар деректерді талдау, мәтіндер мен бағдарламалық код жазу, сондай-ақ зияткерлік көмекші қызметін атқару бағытында анағұрлым кең мүмкіндіктер ұсынады.

Пайдаланушылар мәтіндік және дауыс арқылы қарым-қатынас жасау режімдерінің арасында еркін ауыса алады. Бұл ретте әңгіме үзілмейді. Қажет болған жағдайда қолданылып жатқан модельді сөйлесу барысында бірден өзгертуге де мүмкіндік берілген.

Жаңартылған мүмкіндіктер, ең алдымен, кәсіби қызметке арналған. Компания мысал ретінде пайдаланушы коммерциялық ұсыныстың негізгі тұстарын дауыс арқылы айтып берсе, Claude сол мәліметтер негізінде ықтимал тапсырыс берушіге арналған бір беттік құжатты өздігінен әзірлей алатынын келтіреді. Сонымен қатар дауыс көмекшісі жұмыс кестесін де басқара алады. Мәселен, пойыздың кешігуіне байланысты пайдаланушы уақытында жете алмаса, жүйе күнтізбедегі кездесулердің уақытын өзгертуге мүмкіндік береді.

Жаңарту дауыс режімінің тілдік мүмкіндіктеріне де әсер етті. Бұған дейін толыққанды қолдау тек ағылшын тіліне көрсетіліп, өзге тілдер сынақ кезеңінде болған еді. Енді неміс, француз, испан, итальян, португал, жапон, корей, хинди және индонезия тілдеріне ресми қолдау енгізілді. Бұл шешім компанияның ағылшын тілді нарықтардан тыс өңірлерде өз қызметтерін кеңінен дамытуына жол ашады.

Дауыс режімінің дамуы Anthropic компаниясының жалпы даму бағытының өзгергенін де аңғартады. Егер бір жыл бұрын Claude негізінен мәтінмен және бағдарламалық кодпен жұмыс істеуге арналған құрал ретінде ұсынылса, қазір ол біртіндеп толыққанды мультимодальды цифрлық көмекшіге айналып келеді. 2026 жылдың басынан бері компания Claude мүмкіндіктерін корпоративтік сервистермен, бірлескен жұмыс құралдарымен және кеңселік бағдарламалармен үйлесімді жұмыс істеуге бейімдеп келеді. Дауыс режімінің кеңейтілуі осы бағыттағы жұмыстың заңды жалғасы саналады.

Жалпы алғанда, Anthropic дауыс технологиялары бағытында негізгі бәсекелесі OpenAI компаниясының деңгейіне жақындауға ұмтылып отыр. ChatGPT платформасының жетілдірілген дауыс режімі жасанды интеллектімен өзара әрекеттесудің жаңа үлгісін қалыптастырды. Бүгінде пайдаланушылар жасанды интеллектіден тек мәтін құрастыруды ғана емес, адаммен сөйлескендей табиғи әрі еркін диалог жүргізуді күтеді. Сондықтан дауыс арқылы өзара әрекеттесу сапасы алдағы уақытта платформаны таңдауға ықпал ететін маңызды өлшемдердің біріне айналуы мүмкін.

Дереккөз: Хайтек+

Қосымша материалдар мен сараптамалық шолуларды біздің Telegram арнамыздан оқуға болады.