Home Технологиялар Ғаламтор және желі Threads желісінде қоғамдық пікірге ықпал ету тетіктері анықталды

Threads желісінде қоғамдық пікірге ықпал ету тетіктері анықталды

7

Әлеуметтік желілерде көпшілік қолдап жатқандай көрінетін пікірлердің бәрі бірдей шынайы қоғамдық көзқарасты білдіре бермейді. Кей жағдайда мұндай белсенділік өзара үйлестірілген аз ғана парақшаның әрекеті арқылы қалыптасуы мүмкін.

Осындай қорытындыға Дезинформацияға қарсы күрес орталығы республикалық референдум кезеңінде және Қазақстанның сыртқы саясатына қатысты мәселелердің талқылану барысындағы Threads әлеуметтік желісіндегі белсенділікті зерттеу нәтижесінде келді. Орталық мамандары бұқаралық ақпарат құралдарына әлеуметтік желілерде қолдан жасалған қоғамдық қызығушылықты дербес ақпараттық себеп ретінде қабылдамау қажеттігін ескертті. Бұл туралы Сапалы Қазақстан порталы хабарлады.

Threads әлеуметтік желісіндегі қолданушылардың белсенділігіне жүргізілген талдау дәстүрлі боттар желісімен қатар өзара үйлестірілген парақшалар тобының ықпалы күшейіп келе жатқанын көрсетті. Мұндай топтар ”swarming” деп аталатын тәсілді қолданады. Оның мәні – аз ғана қатысушының келісілген әрекеті арқылы аудиторияда белгілі бір пікірді көпшілік қолдайды немесе керісінше, қоғамның басым бөлігі қарсы деген жалған түсінік қалыптастыру.

Мұндай желілердің дәстүрлі боттардан айырмашылығы – олардың әрекеті әлдеқайда икемді. Дәстүрлі боттар алдын ала дайындалған үлгі бойынша бірдей мазмұндағы хабарламаларды таратумен шектелсе, үйлестірілген парақшалар пікірталастың даму барысына жедел бейімделеді, жекелеген тұжырымдарды күшейтеді, нақты қолданушыларды талқылауға тартады және уақыт өте келе белгілі бір көзқарастың қоғамдағы басым пікір екені туралы түсінік қалыптастырады.

Осындай белгілер Дезинформацияға қарсы күрес орталығының республикалық референдумға дайындық және оны өткізу кезеңіндегі ақпараттық кеңістікті талдау барысында анықталды.

Зерттеу аясында 4 ақпан мен 30 наурыз аралығында 350-ден астам аккаунт пен 5 786 жарияланымға талдау жүргізілді. Нәтижесінде зерттелген парақшалардың 71 пайызында пайдаланушыны даралайтын деректер болмағаны, 52 пайызы ақпараттық науқан басталардан аз уақыт бұрын тіркелгені анықталды. Ал референдум аяқталғаннан кейін олардың шамамен 60 пайызының белсенділігі күрт төмендеген. Кейбір жарияланымдар кейіннен өшірілген. Бұл аталған парақшалардың негізінен нақты бір ақпараттық науқан аясында пайдаланылғанын аңғартады.

Зерттеу нәтижесінде мұндай ақпараттық әрекеттердің қалыпты үлгісі айқындалды. Әуелі эмоцияға құрылған немесе пікір қайшылығын туындататын жазба жарияланады. Кейін оған өзге парақшалар пікір білдіріп, қайта жариялап, түрлі реакциялар арқылы бір мезгілде қолдау көрсетеді. Осыдан соң талқылауға қарапайым қолданушылар қосылып, болып жатқан үдерісті табиғи қоғамдық пікір алмасуы ретінде қабылдайды. Дәл осы кезеңде белгілі бір көзқарасты көпшілік қолдап отырғандай әсер қалыптасады. Алайда мұндай көріністің негізінде өзара үйлестірілген санаулы ғана парақшаның әрекеті жатуы мүмкін.

Зерттелген барлық мысалдарда ұқсас заңдылықтар байқалды. Олардың қатарында жарияланымдардың бір мезгілде жариялануы, келтірілетін уәждердің қайталануы, бірдей ақпараттық баяндаулардың қысқа мерзімде кең таралуы және жекелеген жарияланымдардың өзара келісілген түрде күшейтілуі бар.

Кейінгі кезеңде Қазақстан Республикасының сыртқы саясатына арналған 114 парақшадағы 160 жазбаға қосымша талдау жүргізілді. Оның нәтижесі де осындай тәсілдердің тұрақты қолданылатынын растады. Жарияланымдардың 88,3 пайызы ақпараттық себеп пайда болған алғашқы тәулікте жарияланған. Сонымен қатар аудиторияның ең жоғары қызығушылығын жағымсыз мазмұндағы материалдар тудырған. Олар зерттелген жарияланымдардың 39 пайызын құрады. Зерттелген парақшалардың шамамен 30 пайызы тәулігіне 9–12 жарияланым жариялап, ақпарат ағынының жоғары қарқынын сақтап отырған.

Зерттеу мұндай тәсілдердің тек саяси мәселелермен ғана шектелмейтінін көрсетті. Осындай өзара үйлестірілген әрекеттердің белгілері әлеуметтік саясат, денсаулық сақтау, мемлекеттік реформалар, тарифтер, әлеуметтік төлемдер және қоғамда эмоциялық әсері жоғары өзге де мәселелерді талқылау барысында да байқалады.

Қазіргі ақпараттық ықпал ету әрекеттерінің басты ерекшелігі – аудиторияны нақты деректер арқылы иландыру емес, белгілі бір көзқарасты қоғамның басым бөлігі қолдайды деген жасанды түсінік қалыптастыру. Себебі адам көпшілік ұстанып отыр деп қабылдаған пікірмен келісуге бейім келеді.

Осыған байланысты әлеуметтік желілердегі жарияланымдардың көп болуы қоғамдық көңіл күйдің нақты көрінісі бола бермейтініне назар аудару қажет. Көп жағдайда бұл жекелеген ақпараттық себептерді әдейі күшейтуге бағытталған шектеулі парақшалар тобының өзара келісілген әрекетінің нәтижесі болуы ықтимал.

Өкінішке қарай, мұндай ақпараттық толқынның таралуына кейде бұқаралық ақпарат құралдары да байқамай үлес қосып жатады. Осыған байланысты бұқаралық ақпарат құралдарын ресми ақпарат жарияланғанға дейін жасанды түрде қалыптастырылған қоғамдық резонансты дербес ақпараттық себеп ретінде қабылдамауға шақырамыз.

Қосымша материалдар мен сараптамалық шолуларды біздің Telegram арнамыздан оқуға болады.