Home Білікті маман Euronews жаңалықтары алғаш рет қазақ тілінде көрерменге жол тартады

Euronews жаңалықтары алғаш рет қазақ тілінде көрерменге жол тартады

10

Астанада халықаралық Euronews телеарнасының қазақ тіліндегі жаңалықтар қызметінің ресми іске қосылуына арналған таныстырылым өтті. Осылайша қазақ тілі медиажелінің негізгі хабар тарату тілдерінің он төртіншісі әрі Euronews тілдік қатарындағы Орталық Азиядан енген алғашқы тіл болды. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Іс-шара барысында Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов аталған жобаның мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге, отандық медиа кеңістіктің дамуына және қазақ тілінде ақпарат тұтынатын аудиторияның халықаралық сапалы жаңалықтарға қолжетімділігін арттыруға айрықша ықпал ететінін атап өтті.

Қанат Ысқақовтың айтуынша, Euronews жаңалықтарының қазақ тілінде тұрақты түрде жариялана бастауы – еліміздің ақпараттық кеңістігі үшін маңызды қадам. Оның пікірінше, бұл жетекші халықаралық жаңалықтар телеарналарының бірі Қазақстанның мемлекеттік тілінде халықаралық жаңалықтарды тұрақты түрде ұсына бастаған алғашқы жағдай болып отыр.

Өз кезегінде Euronews директорлар кеңесінің төрағасы Педро Варгас Давид қазақ тіліндегі жаңалықтардың іске қосылуы телеарнаның тілдік әралуандықты кеңейтуге бағытталған ұзақ мерзімді ұстанымын айқындайтынын айтты. Сондай-ақ бұл бастама әртүрлі елдердегі аудиторияның тәуелсіз халықаралық журналистикаға кеңірек қол жеткізуіне мүмкіндік беретінін жеткізді.

Педро Варгас Давид Қазақстанның Орталық Азиядағы маңызды серіктес екенін атап өтіп, жобаны жүзеге асыру барысында көрсетілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің қолдауына жоғары баға берді. Сонымен қатар алдағы уақытта екіжақты ынтымақтастықтың одан әрі нығая түсетініне сенім білдірді.

Жоба бірнеше кезең бойынша жүзеге асырылады. Алғашқы кезеңде қазақ тіліндегі жаңалықтар жұмыс күндері Euronews-тің YouTube арнасында жарияланып тұрады. Кейін бұл мазмұн өзге де медиа алаңдарға, соның ішінде телеарна эфиріне біртіндеп шығарылады. Жоспарға сәйкес, Euronews әзірлейтін халықаралық жаңалықтардың шамамен 90 пайызы қазақ тіліне аударылады.

Министрліктің баспасөз қызметінің мәліметінше, 6–8 шілде аралығында Астанада Азия елдеріндегі Euronews редакцияларының алғашқы өңірлік семинары өтуде. Кездесу барысында өңірлік редакциялар арасындағы ынтымақтастықты дамыту, кәсіби тәжірибе алмасу және телеарнаның Азиядағы қызмет аясын кеңейту мәселелері талқылануда. Еске салсақ, Euronews-тің Астанадағы кеңсесі 2024 жылдың күзінде жұмысын бастаған болатын. Қазіргі уақытта ол халықаралық телеарна эфирінен көрсетіліп, әлемнің түрлі елдеріне таратылатын жергілікті бағдарламаларды әзірлейтін өңірлік үйлестіру және өндірістік орталық қызметін атқарады.

Қосымша материалдар мен сараптамалық шолуларды біздің Telegram арнамыздан оқуға болады.