Sabi компаниясының әзірлеушілері адамның іштей айтқан сөзін оқуға ыңғайлы мәтінге айналдыра алатын инвазивті емес құрылғыны жасап жатыр. Компания хирургиялық жолмен орнатылатын ми импланттарының орнына күнделікті тағуға арналған құрылғы ұсынуды көздейді. Қазіргі таңда әзірленіп жатқан өнім тоқылған бас киім түрінде жасалған, ал алдағы уақытта бейсболка үлгісіндегі нұсқасын да шығару жоспарланған.
Құрылғыға орнатылған сезімтал датчиктер мидың электрлік белсенділігін тіркеп, оны экрандағы мәтінге түрлендіреді. Бұл тәсіл Sabi жобасын Neuralink әзірлеп жатқан технологиядан ерекшелейді. Neuralink негізінен қозғалыс мүмкіндігі ауыр бұзылған адамдарға арналған ми импланттарын дамытуға басымдық берсе, Sabi кең аудиторияның күнделікті пайдалануына лайық шешім ұсынуға ұмтылады. Компанияның алғашқы инвесторларының бірі Винод Хосла атап өткендей, егер нейроинтерфейсті күн сайын миллиардтаған адам қолданады деп көзделсе, онда мұндай технология адам ағзасына хирургиялық жолмен енгізілетін құрылғыға негізделмеуі тиіс.
Технология электроэнцефалография (ЭЭГ) әдісіне сүйенеді. Бұл әдіс басқа орналастырылған көптеген датчиктердің көмегімен мидың электрлік белсенділігін тіркеуге мүмкіндік береді. Алайда инвазивті емес өлшеу кезінде алынатын сигналдардың әлсіз әрі дәлдігі төмен болуы негізгі қиындықтардың бірі саналады. Осы мәселені шешу үшін Sabi құрылғыға 70–100 мыңға дейін өте шағын датчик орнатуды көздеп отыр. Мұндай тәсіл жүйенің кеңістіктік дәлдігін едәуір арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар сөйлеуге жауап беретін нейрондық белсенділіктің үлгілері әр адамда әртүрлі болады. Оның үстіне бір адамның өзінде бұл көрсеткіш уақыт өте келе өзгеріп отырады. Бұған шаршау, зейіннің шоғырлану деңгейі және нақты жағдайдың ерекшеліктері әсер етеді. Осы өзгерістерді ескеру үшін Sabi адам миының іргелі моделін әзірлеуде. Ол үшін жасанды интеллект жүз еріктіден жиналған 100 мың сағаттық нейродеректер негізінде оқытылады. Мұндай оқыту ішкі сөйлеуге тән ортақ заңдылықтарды анықтауға мүмкіндік береді. Әзірлеушілердің мәліметінше, бастапқы кезеңде мәтін теру жылдамдығы минутына шамамен 30 сөзден аспайды, алайда жүйе жетілдірілген сайын бұл көрсеткіш те арта түседі.

Технологиялық мүмкіндіктерден бөлек, құрылғыны күнделікті қолданудың қолайлылығы да маңызды мәселе болып қала береді. Әзірлеушілердің мақсаты — құрылғыны қосымша күрделі баптаусыз бірден пайдалануға мүмкіндік беру және оның пайдаланушының ерекшеліктеріне өздігінен бейімделуін қамтамасыз ету. Сонымен бірге сыртқы келбетіне де айрықша назар аударылған. Тағылатын электрондық құрылғы көп датчикті ықшам орналастыра отырып, пайдаланушыға барынша жайлы болуы қажет. Бұдан бөлек, нейродеректер адам туралы ең құпия ақпараттың бірі саналады. Осыған байланысты Sabi компаниясы деректерді бұлттық жүйеге жіберу кезінде толық шифрлау қолданылатынын, жасанды интеллект шифрланған деректер негізінде оқытылатынын және ақпараттық қауіпсіздік саласының мамандарымен бірлесіп жұмыс істейтінін мәлімдеді.
Дереккөз: Wired.
Қосымша материалдар мен сараптамалық шолуларды біздің Telegram арнамыздан оқуға болады.












