Қазақстандағы алғашқы жасанды интеллект университеті 500 студентті тегін оқуға қабылдайды. Бұл туралы LS басылымы хабарлады.
Шетелдік инвесторлар кеңесінің отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек қыркүйек айында жұмысын бастайтын Qazaq AI Research University зерттеу университетінің қызметі туралы мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, бұл жоғары оқу орны мүлде жаңа үлгіде құрылып отыр. Алғашқы кезеңде студенттер мемлекеттік грант негізінде тегін білім алады. Бірінші қабылдау легіне 500-ге дейін талапкер қабылданады. Университетте бакалавриат пен магистратура бағдарламалары іске асырылады. Бакалавриатта оқу мерзімі төрт жылды, ал магистратурада бір немесе екі жылды құрайды. Әзірге екі-үш білім беру бағдарламасы ғана ұсынылғанымен, олардың барлығы Carnegie Mellon University, Шанхай инновациялық институты және Mohamed bin Zayed University of Artificial Intelligence сияқты жетекші халықаралық жоғары оқу орындарымен бірлесіп әзірленеді. Министрдің сөзінше, университеттің көлемі бастапқыда шағын болады, өйткені бұл жоба тәжірибелік сипатта жүзеге асырылып жатыр. Осыған байланысты оның құқықтық мәртебесі де пилоттық форматта айқындалған.
Саясат Нұрбектің айтуынша, қазіргі таңда әлемде жасанды интеллект мүмкіндіктеріне сүйенетін жоғары білімнің жаңа үлгісі қалыптасып келеді. Министрдің түсіндіруінше, бүгінде халықаралық тәжірибеде AI-enabled university деп аталатын тұжырымдама кеңінен талқылануда. Бұл модельде жасанды интеллект студенттердің оқуына, оқытушылардың жұмысына және университет әкімшілігінің қызметіне қолдау көрсетіп қана қоймай, білім беру, ғылыми зерттеу және басқару үдерістерінің барлығына кешенді түрде енгізіледі. Оның айтуынша, мұндай бағытты Қытай белсенді дамытып келеді.
Жаңа университетке Қазақстан азаматтарымен қатар шетелдік талапкерлер де қабылданады. Алғашқы кезеңде жасанды интеллект саласына қатысты екі-үш негізгі білім беру бағдарламасы ұсынылады. Оқыту үдерісі теориядан гөрі практикалық даярлыққа басымдық береді. Негізгі мақсат – жасанды интеллект технологияларын экономиканың түрлі салаларында тиімді қолдана алатын мамандар даярлау. Сонымен қатар киберқауіпсіздік мәселесіне ерекше көңіл бөлінеді. Университет ауыл шаруашылығы, энергетика, көлік және басқа да салаларда жасанды интеллектіні жүйелі әрі жауапты түрде енгізуге қабілетті салалық мамандарды даярлауға бағытталады.
Министрдің айтуынша, мұндай үлгідегі жоғары оқу орындары әлемде енді ғана қалыптасып келеді. Ол мысал ретінде Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Mohamed bin Zayed University of Artificial Intelligence, АҚШ-тың Бостон қаласындағы Northeastern University және Шанхай инновациялық институтын атады.
Джамиля Кәрімова
Қосымша материалдар мен сараптамалық шолуларды біздің Telegram арнамыздан оқуға болады.












