Home Технологиялар Ғаламтор және желі Алаяқтар сіздің атыңызға несие рәсімдесе не істеу керек?

Алаяқтар сіздің атыңызға несие рәсімдесе не істеу керек?

10

Атыңызға несие рәсімделгенін қалай білуге болады? Ол үшін кредиттік тарихыңызды тұрақты түрде тексеріп отырған жөн. Кредиттік есепті Мемлекеттік кредиттік бюродан, Бірінші кредиттік бюродан, халыққа қызмет көрсету орталықтарынан (ХҚКО) немесе eGov.kz порталы арқылы алуға болады. Мамандар кредиттік тарихты әр тоқсанда кемінде бір рет тексеруге кеңес береді.

Алаяқтық жолмен рәсімделген несие анықталса не істеу қажет?

Ең алдымен банкке немесе микроқаржы ұйымына дереу хабар беру қажет. Несие берушіге телефон арқылы хабарласып немесе жазбаша өтініш жолдап, банк картасын, шотты және мобильді қосымшаға қолжетімділікті бұғаттауды талап етіңіз. Сонымен қатар өтініштің қабылданған күні мен уақыты міндетті түрде тіркелуі керек.

Жазбаша өтініш берген жағдайда оның тіркелгенін растайтын құжатты алған жөн. Бұл кейін кредит берушімен және мемлекеттік органдармен жұмыс барысында қажет болады.

Қолыңыздағы барлық дәлелдемелерді мұқият сақтаңыз. Оларға телефон арқылы сөйлесудің жазбалары, дауыстық хабарламалар, SMS-хабарламалар, растау кодтары, қоңыраулар журналы, мессенджерлердегі хат-хабарлар, кредит беруші жіберген хабарламалар, банк шотының үзінді көшірмелері және ақша аударылған тұлғалардың деректемелері жатады.

Осыдан кейін полицияға жүгіну қажет. Өтінішті eGov немесе e-Otinish порталы арқылы жолдауға, сондай-ақ тұрғылықты жеріңіздегі полиция бөліміне барып тапсыруға болады. Өтініш міндетті түрде тіркеледі. Осыдан кейін сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталады.

Өтініште несиенің рәсімделген күні мен сомасы, кредит берушінің атауы, қарыздың қандай жағдайда рәсімделгені, алаяқтыққа қатысы болуы мүмкін адамдар туралы мәліметтер көрсетілуі тиіс. Сондай-ақ скриншоттар, банк үзінділері, хат-хабарлар және басқа да дәлелдемелер қоса беріледі. Өтініш Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне тіркелгеннен кейін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы бойынша алаяқтық дерегі негізінде сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталады.

Полицияға жүгіну арқылы жәбірленуші деп тану туралы қаулыны немесе полицияның тиісті құжатын алуға болады. Тергеп-тексеру барысында несиенің қандай жағдайда рәсімделгені анықталып, жеке деректердің заңсыз пайдаланылу деректері тексеріледі әрі құқық бұзушылыққа қатысы бар адамдарды анықтау шаралары жүргізіледі.

Алынған процестік құжатпен кредит берушіге қайта жүгіну қажет. Құжатта несиенің сомасы, рәсімделген күні және кредит берушінің атауы көрсетілуге тиіс. Осы құжаттың негізінде кредит беруші күнтізбелік үш күн ішінде берешекті өндіріп алу рәсімін және несие бойынша талап қою жұмысын уақытша тоқтатуға міндетті. Қажет болған жағдайда мән-жайды нақтылау үшін қосымша мәліметтер сұратуға құқылы.

Егер берешек коллекторлық ұйымға берілсе, оған да қылмыстық істің қозғалғаны және тиісті процестік құжаттың бар екені туралы хабарлау қажет. Кредит беруші немесе коллекторлық ұйым заңда көзделген міндеттерін орындамаған жағдайда азамат e-Otinish порталы арқылы Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне жүгініп, тексеру жүргізуді сұрай алады. Ал полиция қызметкерлерінің әрекетімен немесе әрекетсіздігімен келіспеген жағдайда аумақтық полиция органының басшылығына, e-Otinish порталы арқылы немесе прокуратура органдарына шағымдануға болады.

Алаяқтықтың анықталуы берешектің автоматты түрде есептен шығарылатынын білдірмейді. Ол үшін алаяқтық фактісімен қатар, кредит беру кезінде кредит берушінің заң талаптарын бұзғаны да дәлелденуі қажет. Істің мән-жайына қарай мәселе айқын заң бұзушылық анықталған жағдайда сотқа жеткізілмей шешілуі мүмкін. Ал мұндай негіз болмаған кезде дау сот тәртібімен қаралады.

Дереккөз: Fingramota.kz.

Қосымша материалдар мен сараптамалық шолуларды біздің Telegram арнамыздан оқуға болады.