Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерде 2026 жылдың екінші жартысынан бастап Temu, AliExpress, iHerb сияқты шетелдік маркетплейстер арқылы сатып алынатын тауарларға қатысты жаңа кедендік ережелер күшіне енеді.
Егер сатып алынған тауардың құны 200 еуродан аспаса, қазіргі тәртіп сақталады:
• кедендік баж бен салықтар төленбейді;
• сәлемдемелер бұрынғыдай жеткізіледі;
• кеден органдарына жеке жүгіну талап етілмейді;
• сатып алушының атынан декларацияны электрондық сауда операторлары рәсімдейді.
Шетелдік маркетплейстер арқылы жеке тұлғалар сатып алатын тауарлар ендігі жерде «электрондық сауда тауарлары» деген жеке санатқа жатқызылатын болады.
Олар үшін «электрондық сауда тауарларына арналған декларация» атты жаңа кедендік декларация түрі енгізіледі. Бұл құжатта әртүрлі 999 тауарға дейінгі мәліметті әртүрлі жеке тұлғалар бойынша көрсетуге мүмкіндік қарастырылған. Мұндай декларацияны сатып алушылардың орнына кеден органдарына электрондық сауда операторлары ұсынады. Бұл – кеден ісі саласындағы жаңа институционалдық тетік.
Сонымен қатар салмақтық шектеу (31 кг) алынып тасталады. Ал бажсыз әкелу лимиті бұрынғыдай 200 еуро деңгейінде сақталады.
Өзгерістер қымбат тауарларға қатысты жаңа тәртіпті де қамтиды. Егер тауар құны 200 еуродан асатын болса, онда оның үстінен 5% кедендік баж және 16% қосылған құн салығы (ҚҚС) алынады.
Есептеу мысалдары:
250 еуро – 12,5 еуро көлемінде кедендік баж (шамамен 7 мың теңге) + ҚҚС;
500 еуро – 25 еуро көлемінде кедендік баж (шамамен 14 мың теңге) + ҚҚС.
Салыстырмалы түрде алғанда, қазіргі қолданыстағы тәртіп бойынша мұндай тауарларға бажсыз шектен асқан бөлігінен 15% мөлшерінде (ҚҚС-ты қоса есептегенде) бірыңғай төлем қолданылады.
Жаңа ережелер интернет-сауданы жүйелеуге және жеке пайдалану үшін әкелінгендей көрсетілген коммерциялық көлемдегі тауарлардың заңсыз айналымын шектеуге бағытталған.
Енгізілетін өзгерістер Еуразиялық экономикалық одақ аумағында орналасқан және жергілікті интернет-платформалар арқылы сатылатын тауарларға, соның ішінде Wildberries, Ozon және Kaspi.kz секілді алаңдарға қолданылмайды.
Осылайша, жеке пайдалану үшін құны 200 еуроға дейінгі тауарларды интернет арқылы сатып алатын тұтынушылар үшін сатып алу және жеткізу тәртібі айтарлықтай өзгеріссіз қалады.
Қосымша материалдар мен сараптамалық шолуларды біздің Telegram арнамыздан оқуға болады.












