Қазақстанда 2026 жылдың алғашқы тоқсанында ақпараттық қауіпсіздікке қатысты тіркелген оқиғалар саны өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай азайды. Бұған дейінгі жылы байқалған рекордтық өсімнен кейін мұндай көрсеткіш киберкеңістіктегі ахуалдың өзгергенін аңғартады. Компьютерлік оқиғаларға әрекет ету ұлттық қызметінің (KZ-CERT) деректеріне сәйкес, биылғы қаңтар-наурыз айларында ақпараттық қауіпсіздікке байланысты 9,4 мың оқиға тіркелген. Ал 2025 жылдың осы кезеңінде олардың саны 22,7 мың болған. Демек, бір жыл ішінде мұндай оқиғалар саны 2,4 есеге қысқарған.
Соған қарамастан, тіркелген оқиғалардың басым бөлігін бұрынғысынша зиянды бағдарламалар құрап отыр. Биылғы жылдың алғашқы тоқсанында компьютерлік вирустардың, желілік құрттардың және трояндық бағдарламалардың таралуына қатысты 7,5 мың жағдай анықталды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 65,9 пайызға көп. Нәтижесінде зиянды бағдарламалардың жалпы құрылымдағы үлесі 19,8 пайыздан 79 пайызға дейін өсті. Осылайша, дәл осы қауіп түрі елдегі кибертәуекелдердің негізгі көзіне айналып отыр.
Сонымен қатар зақымдалған құрылғылардан құралған және спам-хабарламалар таратуға, кибершабуылдар жасауға немесе өзге де заңсыз әрекеттерге пайдаланылуы мүмкін ботнет желілерінің саны күрт азайды. Бір жыл ішінде мұндай оқиғалар саны 11 есеге қысқарып, 1,6 мыңды құрады. Егер өткен жылы ботнеттер барлық тіркелген кибероқиғалардың төрттен үшінен астамын құраса, биыл олардың үлесі 17,1 пайызға дейін төмендеген.
Интернет арқылы жасалатын фишингтік әрекеттер де азайған. 2026 жылдың алғашқы тоқсанында осындай 208 оқиға тіркелсе, бір жыл бұрын олардың саны 536 болған. Яғни көрсеткіш 2,6 есеге төмендеген. Алайда ақпаратқа рұқсатсыз қол жеткізу және оны заңсыз өзгерту фактілері, керісінше, артқан. Мұндай жағдайлар саны 9-дан 17-ге дейін көбейген.
Сонымен бірге қызмет көрсетуден бас тартуға бағытталған DoS және DDoS шабуылдары, сондай-ақ ақпараттық ресурстарға қолжетімділіктің болмауына қатысты оқиғалар өте сирек тіркелген. Ал өзге санаттағы кибероқиғалардың саны 2,7 есеге өсіп, 136-ға жеткен.
Киберқауіпсіздік мәселесі бүгінде Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін өзекті бағыттардың біріне айналып отыр.
2025 жылы жарияланған Verizon компаниясының деректердің сыртқа шығуына қатысты тергеулер жөніндегі есебіне сәйкес, соңғы жылдары ақпараттық қауіпсіздік оқиғаларының құрылымында елеулі өзгерістер байқалған. Зерттеу аясында әлемнің 145 елінде тіркелген 31 мыңнан астам ақпараттық қауіпсіздік оқиғасы талданған.
Алдыңғы есеппен салыстырғанда зерттеу ауқымы айтарлықтай кеңейген. Бір жыл бұрын талдау 22 мың оқиғаны қамтыған болатын. 2023 жылы жүйеге заңсыз ену жағдайлары зерттелген оқиғалардың 36 пайызын құраса, 2025 жылы олардың үлесі 61 пайызға дейін өскен. Бұл санатқа зиянды бағдарламалар, бопсалаушы бағдарламалар, бағдарламалық осалдықтарды пайдалану және техникалық бұзудың өзге де түрлері жатады.

Осындай үрдіс Қазақстанда да байқалады. Елде тіркелген кибероқиғалардың ішінде зиянды бағдарламалардың, атап айтқанда вирустардың, желілік құрттардың және трояндық бағдарламалардың үлесі артып келеді.
Дереккөз: ranking.kz
Қосымша материалдар мен сараптамалық шолуларды біздің Telegram арнамыздан оқуға болады.












