Home Технологиялар Инновациялар KMG Digital Hackathon 2026: атыраулық студенттер мұнай-газ саласына арналған жасанды интеллект шешімдерін...

KMG Digital Hackathon 2026: атыраулық студенттер мұнай-газ саласына арналған жасанды интеллект шешімдерін ұсынды

16

Атырау қаласындағы Мұнай және газ университетінде республикалық деңгейдегі KMG Digital Hackathon 2026 өтті. Екі күнге созылған іс-шара барысында 20 командаға біріккен 80-нен астам қатысушы мұнай-газ саласындағы өндірістік міндеттерді шешуге бағытталған инновациялық жобалар әзірледі. Қатысушылар жасанды интеллект, машиналық оқыту және деректерді талдау технологияларын қолдана отырып, «Геология» және «Адами ресурстарды басқару (HR)» бағыттары бойынша өз идеяларын таныстырды.

Хакатонның басты ерекшелігі — «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы тобының өндірістік қызметі барысында туындайтын нақты кейстер негізінде жұмыс жүргізілуі болды. «Геология» бағыты аясында қатысушылар геологиялық есептер мен күрделі деректер массивін өңдей алатын, мамандарға қажетті ақпарат пен тәжірибелік ұсыныстар беретін арнайы AI-агент әзірледі. Ал «HR» бағытында командалар жаңа қызметкерлерді жұмысқа қабылдау және оларды ұжымға бейімдеу үдерістерін жеңілдетуге арналған автоматтандырылған цифрлық көмекшілерді ұсынды.

– Бүгінде жасанды интеллект, деректерді талдау және цифрлық технологиялар өндірістік үдерістердің тиімділігін арттырудың, білімді басқарудың және адами капиталды дамытудың маңызды құралдарына айналып отыр. Қатысушылар географиясының кеңеюі мен ұсынылған жобалардың жоғары деңгейі жастардың цифрлық технологияларға деген қызығушылығының артып келе жатқанын және қазіргі мұнай-газ саласына қажет құзыреттерді игеруге ұмтылысын көрсетеді, – деп атап өтті ректор.

Қазылар алқасы жобаларды креативтілік, практикалық қолданылу мүмкіндігі, тиімділік және дизайн сапасы сияқты негізгі критерийлер бойынша бағалады. Хакатон қорытындысы бойынша «Геология» бағытының жүлдегері болып университет студенттерінен құралған iSteam командасы танылды. Ал HR бағыты бойынша Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің Prompt командасы үздік жоба ретінде мойындалды.

Жалпы жүлде қоры 2 миллион теңгені құраған байқау жас мамандардың инновациялық ойлау қабілеті мен зерттеушілік әлеуетін дамытуға серпін берді.

Қосымша материалдар мен сараптамалық мақалаларды біздің Telegram арнамыздан оқуға болады.