Home Сараптама Дербес несие есебі: оны тексеру мен бақылаудың жаңа мүмкіндіктері

Дербес несие есебі: оны тексеру мен бақылаудың жаңа мүмкіндіктері

11

Кредиттік тарих – бұл азамат немесе ұйымның барлық несие мен қарыздары, сондай-ақ олардың уақтылы өтелуі туралы ақпарат жинақталған ресми деректер жиынтығы. ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (ҚНРДА) мәліметінше, кредиттік тарих адамның алғашқы қарыз рәсімдеген сәтінен бастап қалыптаса бастайды.

Бұл дерек банктер мен микроқаржы ұйымдарына және өзге де қаржы мекемелеріне жаңа несие беру туралы шешім қабылдағанда қарыз алушының төлем тәртібін бағалауға мүмкіндік береді.

Ведомствоның түсіндіруінше, кредиттік тарихы оң қалыптасқан азаматтардың несие алу мүмкіндігі жоғары болады әрі оларға тиімдірек шарттар ұсынылуы ықтимал. Қазақстан азаматтары жылына бір рет өз кредиттік есебін тегін ала алады. Бір жыл ішінде қайта сұратылған жағдайда бұл қызмет ақылы түрде көрсетіледі.

Кредиттік есепті алудың бірнеше жолы қарастырылған:

  • Бірінші кредиттік бюроның ресми сайты немесе мобильді қосымшасы арқылы;
  • eGov.kz электронды үкімет порталы арқылы;
  • Халыққа қызмет көрсету орталықтары, «Қазпошта» бөлімшелері және Бірінші кредиттік бюро кеңселері арқылы;
  • Мемлекеттік кредиттік бюро арқылы.

Егер кредиттік есептен қате немесе шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтер анықталса, азаматтар ең алдымен тиісті банкке немесе микроқаржы ұйымына жүгінуі қажет. Қарыздың өтелгенін растайтын құжаттарды ұсыну арқылы деректерді түзетуге болады. Сондай-ақ, ақпарат Бірінші кредиттік бюро базасында көрсетілген жағдайда, оны олардың ресми платформасы арқылы да даулауға мүмкіндік бар.

Мамандар қаржылық қауіпсіздікті күшейту мақсатында «Кредиттік тарихты бақылау» қызметін қосуды ұсынады. Бұл қызмет азаматтың кредиттік есебіндегі кез келген өзгеріс туралы жедел хабарлап отырады: жаңа несиенің рәсімделуі, төлем мерзімінің бұзылуы немесе қарыз сомасының өзгеруі сияқты ақпарат бірден жеткізіледі.

Аталған қызметті eGov.kz порталы арқылы немесе Бірінші кредиттік бюроның ресми сайты мен мобильді қосымшасы арқылы іске қосуға болады.

Қосымша материалдар мен сараптамалық мақалаларды біздің Telegram арнамыздан оқи аласыздар.