Home Фин Тех Қазақстан ЕАЭО елдерін жасанды интеллект саласындағы күш біріктіруге шақырды

Қазақстан ЕАЭО елдерін жасанды интеллект саласындағы күш біріктіруге шақырды

10

Астанада өткен Еуразиялық экономикалық форум аясында Қазақстанның жасанды интеллект экожүйесі таныстырылды. «Жасанды интеллект және бәсекелестіктің жаңа парадигмасы: ЕАЭО-ның трансшекаралық нарықтары үшін қауіп пе, әлде даму драйвері ме?» атты панельдік сессия барысында Одаққа мүше елдердің – Қазақстан, Армения, Беларусь және Қырғызстанның салалық министрлері мен вице-министрлері технологиялардың жаһандық бәсекеге, цифрлық егемендікке және деректер қауіпсіздігіне ықпалын талқылады.

Сессия барысында Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің орынбасары Дмитрий Мун ұлттық егеменді жасанды интеллект платформасының бүгінде мемлекеттік басқару жүйесіне кеңінен енгізілгенін атап өтті. Оның айтуынша, мемлекеттік қызметшілер аталған платформаны күнделікті әкімшілік және техникалық міндеттерді орындау үшін бір миллионнан астам рет пайдаланған. Ал азаматтар мемлекеттік қызметтерді алу және мемлекеттік сатып алу саласындағы цифрлық көмекшімен жұмыс істеу барысында жүйеге 2,5 миллионнан астам рет жүгінген.

Сонымен қатар Қазақстан үшін қазіргі кезеңдегі негізгі басымдықтардың бірі – жасанды интеллект технологияларын экономиканың нақты секторына кеңінен енгізу. Осы мақсатта жеті мыңнан астам параметрді қамтитын деректердің кешенді тұжырымдамалық атласы әзірленген. Бүгінде әлеуметтік салада, денсаулық сақтау мен білім беру жүйесінде цифрландыру деңгейі 80–95 пайызға дейін жетсе, нақты секторда бұл көрсеткіш әлдеқайда төмен. Өнеркәсіп саласында деректердің шамамен 40 пайызы ғана цифрландырылған, ал ауыл шаруашылығы бағыты бойынша бұл көрсеткіш небәрі 26 пайызды құрайды.

Осы мәселені шешу мақсатында Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне күш біріктіріп, жоғары оқу орындарының базасында бірлескен жасанды интеллект зертханаларының желісін құруды ұсынды. Мұндай алаңдар арқылы тұлғаландырылмаған салалық деректермен алмасуға мүмкіндік туады. Нәтижесінде интернетке немесе аса қуатты суперкомпьютерлерге тәуелді болмай, өндіріс орындарында және фермерлік шаруашылықтарда тікелей жұмыс істей алатын ашық шағын тілдік модельдерді бірлесіп оқытуға жол ашылады.

Бұл бастамаға тоқталған Дмитрий Мун жасанды интеллектіні экономиканың өсу факторы ретінде қарастырудың маңызын ерекше атап өтті.

«Біздің басты мақсатымыз – жасанды интеллектіні кеңінен енгізу арқылы экономиканың сапалы өсімін қамтамасыз ету. Тиімді модельдерді даярлау үшін өңірлік ерекшеліктерді, климаттық жағдайларды және салалық сипаттарды ескеретін ауқымды деректер жиынтығы қажет. Сондықтан елдеріміз арасындағы негізгі салалар бойынша тұлғаландырылмаған деректер алмасуын жолға қою орынды деп санаймыз. Бұл қысқа мерзім ішінде ашық индустриялық модельдер қалыптастыруға мүмкіндік береді және бірлескен күш-жігердің арқасында аталған бағытта елеулі нәтижелерге қол жеткізе аламыз», – деді ол.

Еңбек бөлінісі мен технологиялық кооперация идеясын пікірталасқа қатысқан өзге елдердің өкілдері де қолдады. Беларусь Республикасының Байланыс және ақпараттандыру министрінің орынбасары Кирилл Залесский ЕАЭО кеңістігінде реттеуші ортаны үйлестіру және технологиялық қауіпсіздікке қатысты бірыңғай стандарттарды қалыптастыру қажет екенін айтты. Оның пікірінше, мұндай қадам трансшекаралық деректер айналымының түрлі әкімшілік кедергілерге ұшырамауына мүмкіндік береді.

Сондай-ақ ол Одақ елдерінің жасанды интеллектке қатысты қажеттіліктері көбіне ұқсас екенін атап өтті. Сондықтан салалар бойынша мамандану қағидатын енгізу тиімді болмақ. Мысалы, бір мемлекет білім беру бағытындағы модельдерді дамытса, екіншісі медицинаға, үшіншісі өндіріс саласына жауап бере алады. Мұндай тәсіл бюджет қаражатын едәуір үнемдеуге мүмкіндік береді. Беларусь тарапы жасанды интеллектіні енгізудің пилоттық бағыты ретінде логистика саласын ұсынды, өйткені бұл секторда құрылымдалған деректердің үлкен көлемі жинақталған.

Армения Республикасының Жоғары технологиялық өнеркәсіп министрінің бірінші орынбасары Геворг Манташян жасанды интеллект технологияларын ЕАЭО-ның негізгі қағидаттары – тауарлар мен қызметтердің еркін қозғалысын қамтамасыз ету міндеттерімен ұштастыруды ұсынды. Оның айтуынша, трансшекаралық саудаға арналған арнайы жасанды интеллект көмекшілерін әзірлеу қажет. Мұндай жүйелер бизнес өкілдеріне және Еуразиялық экономикалық комиссияға құжаттардағы қателерді анықтауға, кедендік рәсімдерді жеделдетуге және қызметкерлер санын негізсіз арттырмай-ақ әкімшілік процестердің тиімділігін көтеруге көмектеседі.

Сонымен қатар армяндық спикер интеграциялық үдерістердегі негізгі басқарушылық тәуекелдердің біріне де назар аударды. Оның пікірінше, кейбір мемлекеттік органдар әріптес елдердің дайын әрі тиімді шешімдерін қабылдауға құлықсыз болуы мүмкін, өйткені олардың өздерінің қатар жүріп жатқан бастамалары мен басымдықтары бар.

Қырғыз Республикасы Президенті Іс басқармасына қарасты «Тундук» мемлекеттік мекемесінің директоры Азамат Джапаров та бірыңғай қағидалар қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті. Оның пікірінше, Комиссия ең алдымен мемлекеттік деректерді қорғау, алгоритмдердің ашықтығы және жасанды интеллект этикасы мәселелеріне ерекше назар аударуы қажет. Сонымен қатар цифрлық егемендік қағидаты сақталуы тиіс: әрбір қатысушы өз деректеріне бақылауды жоғалтпай, ортақ жобалар мен құзыреттер орталықтары аясында оларды қауіпсіз түрде бөлісе алуы керек.

Азаматтар мен бизнес үшін жылдам нәтиже беретін алғашқы жобалардың бірі ретінде Қазақстан бірлескен пилоттық бастама – құқықтық саладағы жасанды интеллект көмекшісін іске қосуды ұсынды. Қазіргі уақытта ЕАЭО елдерінің заңнамалық базасы толық цифрландырылған. Осыған байланысты мұндай интеллектуалды жүйе азаматтарға шекарадан өту кезінде қажетті ережелерді өз тілінде жедел түсінуге мүмкіндік береді. Ал кәсіпкерлер үшін Одаққа мүше кез келген елде компания ашу және салық салу ерекшеліктері қарапайым тілмен түсіндірілмек. Бұдан бөлек, жүйе Еуразиялық экономикалық комиссияға нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізу барысында туындауы мүмкін қайшылықтарды автоматты түрде анықтауға көмектеседі.

Еңбек бөлінісін тиімді ұйымдастыру және деректер қауіпсіздігі бойынша бірыңғай стандарттар қалыптастыру жөніндегі Қазақстанның бастамасы Армения, Беларусь және Қырғызстан өкілдерінің қолдауына ие болды. Қатысушылар технологиялық егемендікті нығайту үшін ведомствоаралық кедергілерді еңсеру қажет деген ортақ пікір білдірді.

Айта кету керек, Қазақстан соңғы жылдары жасанды интеллект инфрақұрылымын жүйелі түрде қалыптастырып келеді және бұл бағытта Орталық Азиядағы жетекші елдердің біріне айналды. Деректерге негізделген мемлекеттік басқару моделінің іргетасы ретінде Smart Data Ukimet платформасы енгізілді. Сонымен қатар инвесторлар мен әзірлеушілер үшін ашық әрі түсінікті құқықтық орта Қазақстан Республикасының «Жасанды интеллект туралы» жаңа заңымен бекітілді.

Елдің технологиялық егемендігін күшейту мақсатында NVIDIA H200 чиптері негізінде құрылған alem.cloud және AI-Farabi суперкомпьютерлік кластерлері іске қосылды. Бұл жүйелер әлемдегі ең қуатты есептеу кешендерін біріктіретін TOP500 халықаралық рейтингіне енді. Сонымен қатар Tomorrow School, Tumo, AI Sana секілді білім беру жобалары мен басқа да оқу бағдарламалары арқылы адами капиталды дамыту бағытындағы жұмыстар қарқынды жүргізілуде.

Қосымша материалдар мен сараптамалық мақалаларды біздің Telegram арнамыздан оқуға болады.