Home Және басқа ақпараттар Және басқалары Қазақстанда alem.ai battle жасанды интеллект байқауының жеңімпаздары анықталды

Қазақстанда alem.ai battle жасанды интеллект байқауының жеңімпаздары анықталды

13

Халықаралық alem.ai жасанды интеллект орталығында ұлттық деңгейдегі alem.ai battle жасанды интеллект жобалары байқауы өз мәресіне жетті. Ел бойынша келіп түскен 830 өтінімнің ішінен суырылып алға шыққан 20 команда финалда бақ сынасты. Байқаудың жалпы жүлде қоры 25 миллион теңгені құрады. Digital Business басылымы жеңімпаздар мен Қазақстанның жасанды интеллект саласындағы болашағын айқындауы мүмкін жобалар туралы баяндайды.

Байқау жасанды интеллект шешімдерін әзірлеудің толық экожүйесін қамтыды. Оған мектеп оқушылары әзірлеген бастапқы прототиптерден бастап, нарықта сұранысы дәлелденген әрі корпоративтік серіктестері бар технологиялық стартаптарға дейінгі жобалар қатысты.

Финалдық кезеңнің ашылуында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары әрі Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев саланың стратегиялық мақсатын атап өтті.

«Министрліктің негізгі міндеті – ұрпақтар арасындағы үздіксіз байланысты қамтамасыз ету. Біз мыңдаған жас талантты осы бағытқа тартып отырмыз. Ертең “Қазақстанда жасалған” деген белгі жасанды интеллект саласындағы халықаралық сапа өлшеміне айналуы тиіс», – деді ол.

AI Young Talents санатында SuGuard жобасы жеңіске жетті. Мектеп оқушыларынан құралған команда қандағы глюкоза деңгейін инвазивті емес әдіспен анықтап, қант диабетінің даму қаупін ерте кезеңде бағалауға мүмкіндік беретін жасанды интеллект жүйесін әзірлеген. Бұл технология қан алу немесе теріні тесу сияқты дәстүрлі талдау әдістерін қажет етпейді. Жеңімпаздарға жобаны одан әрі дамыту үшін ойынға арналған ноутбуктер табысталды.

AI Driving Power санатында Ustaz AI командасы үздік деп танылып, 5 миллион теңге иеленді. Платформа педагогтердің күнделікті қайталанатын жұмыстарын автоматтандыруға бағытталған. Ол тапсырмалар құрастырып, оқу материалдарын дайындайды және білім беру үдерісін басқаруға көмектеседі. Жобаның басты мақсаты – мұғалімдерді қағазбастылықтан арылтып, олардың оқушылармен тікелей жұмыс істеуіне көбірек мүмкіндік беру.

AI Innovators санатында Robio жобасы жеңіске жетіп, 7 миллион теңге көлеміндегі сыйақыға ие болды. Бұл финалдағы ең әсерлі технологиялық шешімдердің бірі ретінде бағаланды. Жоба сүт безіндегі түйіндерді ерте кезеңде анықтауға көмектесетін жасанды интеллектпен жабдықталған тактильді қолғапты ұсынады. Құрылғы дәрігердің пальпация барысында алған сезімдік деректерін цифрландырып, оларды нақты өлшенетін көрсеткіштерге айналдырады. Соның нәтижесінде түзілістің орналасуы, көлемі және сипаты туралы объективті мәлімет алуға мүмкіндік туады.

Команда ұсынған мәліметке сәйкес, жүйенің дәлдігі шамамен 90 пайызды құрайды және бірқатар көрсеткіштер бойынша адамның табиғи сезу қабілетінен жоғары нәтиже көрсетеді. Жоба прототиптік деңгейде валидациядан өтіп, қазіргі уақытта клиникалық сынақтарға дайындық кезеңінде тұр.

«Бұл жеңіс біз үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Атап айтқанда, клиникалық серіктестермен ынтымақтастықты кеңейтуге, инвестиция тартуға және клиникалық сынақтарға өту үдерісін жеделдетуге мүмкіндік береді», – деді жоба жетекшісі Тоғжан Сырымова.

Байқаудың бас жүлдесі – 10 миллион теңге – AI Future Builders санатында өнер көрсеткен NCSpeech стартапына берілді. Жобаның ерекшелігі – орталықтандырылмаған сервистің SuperApp платформаларына біріктірілуі арқылы пайдаланушылардың күту уақытын құнды жасанды интеллект активтеріне айналдыруында. Нәтижесінде модельдерді оқытуға қажетті сапалы әрі шынайы деректер жиынтығы қалыптасады.

Жоба нарықтағы маңызды мәселенің шешімін ұсынады. Нақты өмірден жиналатын деректер егемен жасанды интеллект модельдерін дамыту үшін, сондай-ақ деректер көлемі шектеулі тілдерге арналған жүйелерді оқытуда аса маңызды ресурс саналады. Қазіргі уақытта NCSpeech халықаралық нарықтарды қоса алғанда, бірқатар корпоративтік тапсырыс берушілермен жұмыс істейді. Сонымен қатар жоба Antler венчурлік қорынан pre-seed кезеңіндегі инвестиция тартқан.

Әлия Рахимова

Қосымша материалдар мен сараптамалық мақалаларды біздің Telegram арнамыздан оқуға болады.