Осакаров ауданында еліміздегі ең қуатты нысандардың бірі — 500 МВт болатын жел электр станциясының құрылысы басталды. Жалпы инвестиция көлемі 600 миллион АҚШ долларынан асатын бұл жоба өңірді энергиямен қамтамасыз етумен қатар, Қарағанды облысының энергетикалық келбетін айтарлықтай өзгертуге мүмкіндік береді.
Жобаның іске қосылу рәсімі қазақстандық және қытайлық серіктестердің қатысуымен өтті. Құрылыс жұмыстары Қазақстан мен Қытай арасындағы үкіметаралық келісім аясында «Самұрық-Энерго» акционерлік қоғамы мен China Energy International Group компаниясының бірлесуі арқылы жүзеге асырылуда. Болашақ станцияның іргетасына уақыт капсуласын мемлекеттік және бизнес саласының өкілдері салды.
«Станция құрылысы — стратегиялық маңызы зор бастамалардың бірі. Бұл жоба Мемлекет басшысы басымдық берген «жасыл энергетиканы» дамыту бағытымен тікелей байланысты. Өңір үшін бұл маңызды оқиға: жаңа қуат көздері, заманауи технологиялар және жаңа жұмыс орындары ашылады», — деді Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.
Сарыөзек ауылы маңында 63 заманауи жел қондырғысын орнату жоспарланған. Әрбір турбинаның биіктігі 120 метр, ал қалақтарының ұзындығы 80 метр болады. Бұл Қазақстандағы осындай типтегі ең ірі нысандар санатына жатады. Жаңа станция өңірді тұрақты электр энергиясымен қамтамасыз етіп, облыстың дамуына серпін береді.

Жоба сонымен қатар озық технологияларды енгізуге бағытталған. Мұнда соңғы буын жел қондырғылары пайдаланылып, барлық басқару үдерістері жасанды интеллект көмегімен жүзеге асырылады.
Құрылыс кезеңінде шамамен 600 жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Ал станция толық іске қосылғаннан кейін оны тұрақты түрде қызмет көрсететін мамандар үшін жаңа жұмыс орындары пайда болады.
Станция жылына шамамен 1,8 млрд кВт·сағ электр энергиясын өндіреді деп жоспарлануда. Нысанды 2029 жылдың бірінші тоқсанында пайдалануға беру көзделіп отыр.
Алаңның таңдалуы да кездейсоқ емес: Осакаров ауданы тұрақты жел соғатын аймақта орналасқан, әсіресе Осакаровка — Сарыөзек — Тельман бағытында жел әлеуеті жоғары. Бұл аумақта қазірдің өзінде 150 МВт қуатқа ие жел энергетикасы жобасы іске асырылуда.
Қосымша материалдар мен сараптамалық мақалаларды MobiLaser Telegram арнасынан оқуға болады.












