«e-Өтініш» платформасы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының негізгі құралдарының біріне айналып, өз жұмысына 5 жыл толды. Осы уақыт аралығында ол тек өтініш беруді жеңілдетіп қана қоймай, мемлекет пен азаматтар арасындағы байланыс форматын түбегейлі өзгертіп, оны ашық, қолжетімді әрі есеп беруге негізделген жүйеге айналдырды.
2025 жылдың қорытындысы бойынша жүйе арқылы 5 миллионнан астам өтініш тіркелген. Бұл көрсеткіш сервистің танымалдылығының артуын ғана емес, сонымен қатар азаматтар мен бизнес тарапынан цифрлық кері байланыс құралдарына деген сенімнің нығайғанын да айғақтайды. 2021 жылдың 1 шілдесінде іске қосылған сәттен бастап «e-Өтініш» өтініш қабылдаудың бытыраңқы арналарын бірыңғай цифрлық экожүйеге біріктірді. Бұрын әр мемлекеттік орган өз тәртібімен жұмыс істесе, бүгінде өтініш беруден бастап оның орындалуын бақылауға дейінгі барлық үдерістер бірыңғай цифрлық кеңістікте жүзеге асады.
Пайдаланушылар өтініш, ұсыныс және шағым жолдай алады, сондай-ақ олардың қаралу мәртебесін онлайн қадағалап, мемлекеттік органдармен өзара әрекеттесу тарихын көріп, жауап сапасын бағалау мүмкіндігіне ие.
Азаматтардың өтініштерін қараудың жаңа форматына көшуге негіз болған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының енгізілуі аясында Мемлекет басшысының Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмасына сәйкес «e-Өтініш» – eOtinish.kz ақпараттық жүйесін енгізу бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді. Келесі маңызды қадам ретінде 2020 жылғы 29 маусымдағы №350-VI Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің қабылдануы аталып өтті. Бұл құжат өтініштермен жұмыс істеу тәсілін түбегейлі өзгертіп, ресми қараудан гөрі азаматқа бағдарланған, сервистік тәсілге көшуге мүмкіндік берді.
«Бүгінде e-Өтініш тек сервис емес, мемлекет пен азамат арасындағы толыққанды диалог арнасы. Біз сенім деңгейінің жоғары екенін көріп отырмыз және платформаны одан әрі жетілдіріп, оны барынша ыңғайлы әрі интеллектуалды ету бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Соның ішінде өтініштерді өңдеу жылдамдығын арттыру және талдау сапасын жақсарту үшін жасанды интеллект агенттерін енгізуді қолға алдық», – деді ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкин.
Бес жыл ішінде «e-Өтініш» базалық қызметтен ауқымды цифрлық платформа деңгейіне дейін дамыды:
2021 жыл – іске қосылуы және өтініштердің бірыңғай жүйесін қалыптастыру;
2022 жыл – қабылдау арналарының кеңеюі: ХҚКО-ларды, «Қазпоштаны» қосу, eGov Mobile жүйесінде іске қосу;
2023 жыл – азаматтарды қабылдау орталықтарын ашу және офлайн өзара әрекеттесуді дамыту;
2024 жыл – электрондық петициялар тетігін енгізу;
2025 жыл – жасанды интеллектке негізделген пилоттық шешімдерді іске қосу және Бірыңғай білім базасын енгізу.
Бүгінде жүйеге 26 мыңнан астам ұйым қосылған, ал өтініштерді өңдеуге 380 мыңнан астам қызметкер тартылған.
Өтініш берушілер саны 3,2 миллионға жетті, олардың шамамен 3 миллионы – жеке тұлғалар. Платформа іске қосылғаннан бері жалпы 16,2 миллионнан астам өтініш қаралған. Жыл сайын пайдаланушылар саны орта есеппен 42,6 пайызға өсіп отыр. Айта кетерлігі, жүйедегі шағымдардың үлесі төмен деңгейде сақталып, шамамен 5–7 пайызды ғана құрайды, ал өтініштердің басым бөлігі ақпараттық сипаттағы сұраулар болып табылады. Бұл азаматтардың жүйеге деген сенімінің жоғары екенін және оның сұранысқа ие екенін көрсетеді.
2025 жылы платформа арқылы азаматтардан 4 миллионнан астам, ал бизнес тарапынан шамамен 1 миллион өтініш түскен. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 1 миллионға артық.
Қазақстан азаматтары көбінесе тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, әлеуметтік қорғау, білім беру, жер қатынастары, қауіпсіздік және сот жүйесіне қатысты мәселелер бойынша жүгінеді.
Өтініш жолдау eOtinish.kz сайты, eGov.kz порталы, eGov Mobile қосымшасы, сондай-ақ ХҚКО мен «Нәтиже» орталықтары арқылы жүзеге асырылады. Алдағы кезеңде жасанды интеллект негізіндегі аналитикалық құралдарды дамыту, Бірыңғай білім базасын жаңарту және платформаның функционалын кеңейту жоспарланып отыр. Бұл азаматтардың өтініштеріне жедел жауап беруге және мемлекеттік қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің баспасөз қызметі
Қосымша материалдар мен сараптамалық мақалаларды MobiLaser Telegram арнасынан оқуға болады.








