Home Кәсіби маман Қытайлық ғалымдар көмірден тікелей электр өндіретін жүйе әзірледі

Қытайлық ғалымдар көмірден тікелей электр өндіретін жүйе әзірледі

11

Қытайлық ғалымдар көмірді дәстүрлі түрде жағу арқылы емес, тікелей электр энергиясына айналдыруға мүмкіндік беретін жаңа ғылыми тұжырымдаманы ұсынды. Зерттеу жұмысы Қытай ғылым академиясы мен Шэньчжэнь университеті мамандарының қатысуымен жүргізілген. Жобаны белгілі зерттеуші Се Хэпин басқарған. Ғалымдар әзірлеген ZC-DCFC деп аталатын отын элементінде көмір жанбайды, керісінше, ол бірден электр энергиясына айналады.

Жаңа технологияда көмір алдын ала өңдеуден өтеді. Ол ұнтақталып, кептіріліп, қоспалардан тазартылады және химиялық белсенділігін арттыру үшін арнайы өңделеді. Осыдан кейін дайын отын анодтық бөлікке беріледі, ал оттек катод жағына жеткізіледі. Электрохимиялық үдеріс барысында көмір оттекпен әрекеттесіп, электр энергиясын тікелей түзеді. Мұнда дәстүрлі энергетикаға тән жану, суды қыздыру, бу өндіру және турбинаны айналдыру секілді аралық кезеңдер мүлде қолданылмайды. Зерттеушілердің айтуынша, дәл осы ерекшелік энергия өндіру кезіндегі негізгі шығындарды азайтып, тиімділікті едәуір арттыруға мүмкіндік береді.

Жүйенің тағы бір маңызды қыры – көмірқышқыл газын тікелей анодтан бөліп алу мүмкіндігі. Алынған көмірқышқыл газын кейін химиялық шикізат ретінде қайта өңдеуге немесе қауіпсіз қосылыстар түрінде тұрақтандыруға болады. Мысалы, оны синтездік газ өндіруге пайдалануға не натрий гидрокарбонаты түрінде бейтараптандыруға мүмкіндік бар. Ғалымдардың мәліметінше, отын элементінің жаңа нұсқасы бұрынғымен салыстырғанда анағұрлым тұрақты, қуатты әрі өнеркәсіптік деңгейде қолдануға бейімделген.

Зерттеушілер бұл технологияны терең көмір қабаттарына қолдану мүмкіндігін де қарастырып отыр. Шамамен екі шақырым тереңдікте орналасқан көмір қорларын жер бетіне шығармай-ақ, сол орнында электр энергиясына айналдыру идеясы ұсынылған. Мұндай жағдайда сыртқа тек дайын энергия жеткізіледі. Әзірге бұл ғылыми деңгейдегі жоба болғанымен, оның өзі көмір энергетикасының болашағы түбегейлі өзгеруі мүмкін екенін көрсетеді.

Interesting Engineering

Қосымша материалдар мен сараптамалық мақалаларды https://t.me/mobilaser арнасынан оқуға болады.