Home Технологиялар Ғаламтор және желі Еуропалық одақта әлеуметтік желілердегі пайдаланушылардың жасын тексеруге арналған қосымша әзірленді

Еуропалық одақта әлеуметтік желілердегі пайдаланушылардың жасын тексеруге арналған қосымша әзірленді

18

Еуропалық одақта пайдаланушылардың жасын анықтауға бағытталған арнайы қосымша дайындалды. Мұндай құралға деген қажеттілік бірқатар Еуропа елдерінде балалардың әлеуметтік желілерге қолжетімділігін шектеу шараларының енгізілуімен байланысты туындап отыр. Бұл туралы Еуропалық комиссияның төрайымы Урсула фон дер Ляйен мәлімдеді.

Еурокомиссия басшысының айтуынша, аталған орган балалардың әлеуметтік желілерге қолжетімділігін шектеуге қатысты еуропалық нормалардың сақталуын қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Оның сөзінше, Еуропада балалардың қауіпсіздігін жеткілікті деңгейде қамтамасыз етпейтін онлайн-платформалар иелері жауапкершілікке тартылып жатыр. Бұл, ең алдымен, кәмелетке толмаған пайдаланушыларға арналған шектеулердің сақталмауымен байланысты.

Арнайы қосымшаға қайта оралсақ, ол мобильді құрылғылармен қатар дербес компьютерлерде де қолдануға бейімделген. Пайдаланушы өз жасын растау үшін төлқұжат немесе жеке басын куәландыратын өзге де құжатты жүйеге жүктеуі тиіс.

Қазіргі уақытта Еуропалық одаққа мүше ондаған мемлекет 13 пен 16 жас аралығындағы балалардың әлеуметтік желілерге қолжетімділігін шектеуді жоспарлап отыр. Бұл үрдіс Австралияда енгізілген ұқсас шектеуден бастау алған. Канберра билігінің бағалауынша, аталған шара оң нәтижесін көрсеткен.